Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында екі жаңа нысан пайдалануға берілді. Ауылда бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана мен ветеринариялық зертхана жұмысын бастады.
Жаңа емхананың жалпы аумағы 6 650 шаршы метрді құрайды. Жобаның құны 4,1 млрд теңгеден асады. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

Мұнда тұрғындар рентген, флюорография, маммография, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу және басқа да диагностикалық қызметтерді ала алады. Сонымен қатар жалпы практика дәрігерлері мен бірқатар бейінді мамандар қабылдау жүргізеді.
Жылына 680 мыңға дейін зерттеу жүргізіледі

Нарынқолда ветеринариялық зертхана да іске қосылды. Нысанда жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы ауруларын анықтауға, сондай-ақ жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін тексеруге мүмкіндік бар.
Зертхананың қуаты жылына 680 мыңға дейін зерттеу жүргізуге есептелген.
Екі нысан да Республика күніне орай пайдалануға берілді.

