Алматы облысының Талғар ауданында тауға шыққан үш қызға құтқарушылардың көмегі қажет болды. Олар Букреев шыңы маңында 3010 метр биіктіктен өздігінен түсе алмай қалған.
Оқиға 26 қазанда болған. ТЖМ мәліметінше, 2007 жылы туған үш қыз тік беткейге байланысты төмен қарай қозғалысын жалғастыра алмаған. Осыдан кейін олар құтқарушыларға хабарласқан.
Қыздармен байланыс үзілмеген
Көмек көрсету кезінде құтқарушылар қыздармен тұрақты байланыста болып, олардың нақты орналасқан жерін геолокация арқылы анықтаған.
Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қызметкерлері үш қызды Бесағаш кенті бағытына шығатын автомобиль жолына дейін аман-есен алып түсті.
Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Қыздарға медициналық көмек қажет болмаған, кейін олар жолын өздігінен жалғастырған.

