Жетісу облысыҚоғам

«ҚОШТАСАТЫН БОЛСАҚ НЕГЕ КЕЗДЕСЕМІЗ?» Талдықорған драма театрында кезекті премьера сахналанды

Бикен  Римова атындағы Талдықорған драма театрында Александр  Володиннің  «Қоштасқым  келмейді» пьесасының желісімен  «Кездесу мен қоштасу» қойылымының премьерасы өтті.

Спектакльдің қоюшы-режиссері  –  Алмат Шарипов. Қоюшы суретшісі  – Жанат  Дүйсенбаев  және костюм суретшісі, ҚР  Мәдениет  саласының  үздігі, ҚР  Суретшілер Одағының мүшесі Қарлығыш – Шалабаева. Шығарманы орыс тілінен аударған Асхат Маемеров.

Әрбір премьера – театр өміріндегі ғана емес, өнер сүйер қауым үшін үлкен құбылыс. Өйткені көрермендер сахна шеберлерінен ойлы бейнелер, ұтқыр шешім, жанына рухани азық боларлық тереңдікті күтеді. Театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұлов келгелі театрдың жаңа тынысы ашылып,  тың  ізденістерімен  көзге  түсіп  жүр. Бұл жолы да жас режиссерлерге қолдау көрсетіп, премьераны бүкіл ұжым болып жауапкершілікпен  қарап,  жұмыла кіріскені бірден байқалды.

Соның нәтижесінде кезекті 3-ші премьера көрерменге айрықша әсер етіп,  көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ең бастысы, театр ұжымы өзінің көркемдік, шығармашылық ізденісін  көпшілік  алдында  сарапқа  салып,  таразыға  тартты.

«Кездесу мен қоштасу» – психологиялық драма жанрында жазылған шығарма. Онда адамдар арасындағы ұлы сезім – махаббаттың отбасылық өмірде талай-талай сыналатынына куә боласыз. Оқиға желісінде отау құрған жандардың отбасы алдындағы жауапкершілігі айқындалып, өмірдің өтпелі қиындықтарына қол ұстасып қарсы тұра білуі қажеттігі көрініс табады. Осыған мысал ретінде алынған Лавров, Козлов, Кириашвили, Шумилов, Миронов, Бельяев сияқты бірнеше отбасылардың басындағы  ұрыс-керіс, дау-жанжал жаныңды ауыртады. Бұған ерлі-зайыптылардың бірінің тым тәкаппарлығы себеп болса, бірінің енжарлығы, енді бірінде қызғаныш өрті  шаңырақтың шырқын бұзады.

Алғашқы махаббат, алып-ұшқан сезім жайына қалып, тұрмыс-тіршіліктің сан түрлі талаптарына көндіге алмай, ұрыс-керіс  ушығып,  ақыры ажырасуға бел байлайды. Бәрі де жеке басының тыныштығын қалайды, жанының дауасын жалғыздықтан іздеп, шарқ ұрады. Алайда жақын адамдардың бір-бірінен оқшауланып, ажырасуға  бел  байлау мәселенің шешімі емес еді.

«Өмірдің сұрағы көп, жауабы аз. Жанып-сөнетін жалған дүниенің жұмбағын шешкен жандар бар ма екен, өзі?! Өмірдің мәні – кездесу мен қоштасу ма, сонда? Қоштасатын болсақ неге кездесеміз? Ақыры тағдыр кездестірген екен, жақын жандарымызбен неге қоштасамыз? Неге?… Бұл – шығармада кездесетін қарапайым пәтер саудалаушы әйелдің айтқан сөзі. Ол да жанының дертін жалғыздықпен емдеймін деп жаза басқанын түсінген болатын.

Жоғарыда аталған отбасылар сотқа шағымданып, бұдан әрі бірге тұра алмайтынын айтып, өздерін заңды некеден жедел ажыратуды сұрайды. Алайда судья ерлі-зайыптылардың арасындағы жағдайды барынша зерттеп, кейбірін дереу ажыратуға шешім шығарса, ал кейбіріне заңның талабы бойынша татуласуға уақыт береді.

Шығарманың басты идеясы – шаңырақтың құламауы, отбасының татулығы мен жұбайлардың жарасымды өмірі. Баланың бақыты. Ересек адамдардың қателігінен балалардың тағдыры талқыға түспеуі.

Кейінгі жылдары қоғамда ажырасқан отбасылардың қатары көбейіп бара жатқанына дабыл қағады. Айта кетейік, спектакльді тамашалауға келген халықтың қарасы көп, дені жастар болды.

 

Shares:

Related Posts

Жаңалықтар

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жетісулықтардың жеңіс тарихы» атты жинағы жарық көрмек

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыс әкімінің қолдауымен, Жетісу облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Жетісулықтардың жеңіс тарихы» атты жинақ дайындалуда. Кітаптың 1000 данадан аса нұсқасын шығару жоспарлануда. Бұл
News

101 ЖАСТАҒЫ КЕЙУАНА ДАУЫС БЕРДІ

Алакөл ауданы Жайпақ ауылының тұрғыны 101 жастағы кейуана Мәрзия Абдрахманова да өз таңдауын жасады. Апамыз кез-келген сайлаудан қалыс қалмай азаматтық парызы ретінде өзіндік үлесін қосып келеді. – Еліміздегі саяси науқаннан
Мәдениет

«Таза өлке»: Қонаевта тұрғын үйлердің ауласы тазаланды

Бүгін "Таза өлке" апталығының соңғы күні. Дүйсенбіден "Киелі мекен" эконауқаны басталады. Аясында шаһардағы мәдени мұралар мен ескерткіштердің аумағы тазаланып, абаттандырылмақ.   Апта Қонаевтағы тұрғын үйлердің аулаларын тазартумен аяқталды. Сенбілікке 80-нен
Қоғам

Бикен Римов атындағы Талдықорған драма театры Түркіменстандағы театр фестиваліне аттанбақ

Жетісу облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 14-16  қараша   аралығында  Түркіменстанның Мәдениет министрлігі  және ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен Ашхабад қаласында өтетін «Театральное исскуство эпохи счастья» театр  фестиваліне қатысады.
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *