Бүгінде «эко», «био», «органикалық» сияқты көптеген атаулары бар саламатты өмір салтының өнімдері сұранысқа ие. Ең алдымен, органикалық өнімнің не екенін және оны өндіруге қандай талаптар қойылатынын талдайық.
Қазақстан Республикасының аумағында органикалық өнім өндіруге қойылатын талаптар «Органикалық өнім өндіру туралы» Заңмен (бұдан әрі — Заң) регламенттелген.
Заңға сәйкес, органикалық өнімдер – Заңның талаптарына сәйкес өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі, акваөсіру және балық аулау өнімі, жабайы өсімдіктерден алынған өнім және оларды қайта өңдеу өнімдері, оның ішінде тамақ өнімі.
Органикалық өнім өндіру синтетикалық заттарды, пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тамақ қоспаларын (органикалық өнімді өндіру және оның айналымы қағидаларында көзделген ерекшеліктерді қоспағанда), минералды азотты тыңайтқыштар, синтетикалық өсу стимуляторлары, синтетикалық бояғыштарды, генетикалық түрлендірілген объектілерді, иондаушы сәулеленуді, топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру әдістерін, жабайы өсімдіктерді өңдеудің химиялық әдістерін пайдаланбай жүзеге асырылуы керек.
Шикізатты дайын тамақ өнімдеріне қайта өңдеу тағамдық қоспаларды, дәм мен иістің химиялық күшейткіштерін, бояғыштарды және өнімнің жарамдылық мерзімін ұзартатын заттарды пайдаланбай жүргізілуі тиіс. Тек сау жануарлар мен өсімдіктерді, қауіпсіз өнімдер мен шикізатты пайдалану керек. Қазақстан Республикасының заңнамасында органикалық шикізатты өңдеу кезінде пайдалануға рұқсат етілген заттар мен өнімдердің тізімі көзделген. Органикалық өнімдерді өсіру мен өндіру кезінде дәл осы аталған талаптарды сақтау, органикалық өнімге басқа тағамдар алдында артықшылықтар береді:
— органикалық өнімдер адамдар мен қоршаған орта үшін қауіпсіз;
— органикалық өнімдер нитраттармен, ауыр металдармен, пестицидтердің, гербицидтердің және басқа химиялық синтез заттарының қалдықтарымен ластанбаған;
— органикалық өнімдерде генетикалық модифицирленген организмдер мен олардың негізінде өндірілген заттар, өсу стимуляторлары, гормондар мен антибиотиктер жоқ.
— органикалық өнімдер қайта өңдеу кезінде тағамдық қасиеттері мен табиғи құрамын сақтайды, өйткені тек табиғи қайта өңдеу әдістері мен дәстүрлі рецепттер, табиғи заттар мен орау материалдары қолданылады.
Органикалық өнімді сатып алмас бұрын оның таңбалануына назар аударыңыз. Органикалық өнімді таңбалауда тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын міндетті талаптардан басқа: осындай өнімді өндіру үшін шикізат өндірілген жер туралы ақпарат, органикалық өнімді өндірушіге инспекция жүргізген ұйымның атауы, органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісі қойылған ба, көрсетілуге тиіс. Сатушыдан өнімнің шынымен органикалық екенін растайтын және қаптамаға «био», «эко», «органикалық», «organic» белгілерін қоюға мүмкіндік беретін сәйкестік сертификатын талап етіңіз.