Жаңалықтар

Алматы облысында ірі кәсіпорын қызметкерлеріне МӘМС мүмкіндіктері түсіндірілді

Тұрғындар «сақтандырылған» мәртебесін алғаннан кейін МӘМС пакетіндегі қажетті медициналық көмектің барлық түріне жүгіне алады. Ол азаматтың салып жатқан жарнаңыздың мөлшеріне қарамайды. Ол тіптен бірнеше миллион тұратын ота жасатуға мүмкіндігі бар. Қажеттілік болса, әрине. Міне, осылай жарна төлейтін азаматтар тек өзіне ғана емес, өзгеге де үлкен мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы облысындағы ірі кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде «Міндетті әлеументтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының мамандары мәлімдеді.

 

«Бейінді мамандардың қабылдауы, әртүрлі талдаулар, КТ, МРТ, УДЗ, рентген, ЭКГ сияқты қымбат зерттеулер, көптеген аурулардың диагностикасы, оңалту қызметтері, жоспарлы операциялар МӘМС тізбесіне кіреді. Яғни, сақтандырылған азаматтар бұл қызметтерді тегін ала алады. “МӘМС туралы” Заңға сәйкес жұмыс беруші ай сайын қызметкердің әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдары мен жарналарын жүргізуі керек. Егер бір айда төлем болмаса, мәртебе “сақтандырылмаған” болып өзгереді. Көбінесе қызметкер ұзақ (күнтізбелік 1 айдан астам) еңбек демалысына кетсе, жұмыс берушілер бірнеше кезеңдегі міндетті төлемдерді біріктіреді. Алайда, МӘМС үшін қызметкердің табысынан төлемдерді жүзеге асыру кезінде оларды міндетті ай сайынғы аударымдарда олқылықтар болмайтындай және тиісінше қызметкер Сақтандырылған тұлға мәртебесін сақтап қалатындай етіп, демалыстың әрбір айы бойынша бөлу керек», — дейді қор өкілі Әкімбек Саурықбаев.

Мамандардың сөзінше, қор ол жинақтаушы емес. Ол ортақ. Яғни, түскен қаражат ауруханаға келген азаматтардың игілігіне жұмсалады. Нақтырақ айтсақ, науқас адамдардың қажетті ем алуына басқалар да өз үлесін тигізеді.

«Басты мақсатымыз – халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін түсіндіру. Бүгін өнеркәсіп жұмысшыларына көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бердік. МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтың мүмкіндіктері, емхана деңгейінде оңалту алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу, шетелде емделуге кімнің құқығы бар, осы мәселелер төңірегінде ақпараттандырдық», — дейді түсіндіру жұмыстарын жүргізген филиалдың бас сарапшысы Әкімбек Манасұлы.

Жиында қызметкерлер тарапынан түрлі сұрақ қойылды. Азаматтардың құқығы, жарналарды тексеру, қордың байланыс порталдары, МӘМС-тің мүмкіндіктері сұралды. Өз кезегінде қор өкілдері тұшымды жауап берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша,  ақпараттық жұмыстар өзге де ірі кәсіпорындарда жалғасын тапқан.