Өңірде ЖРВИ мен тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айдана Жексенбай мәлімдеді.
Лейла Серікбаеваның айтуынша, облыста 305 екпе кабинеті мен 505 төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта ЖРВИ-дің 494 жағдайы тіркеліп, оның 7-еуі стационарда, ал 479 адам амбулаториялық деңгейде ем алуда. Жүкті әйелдер арасында 33 жағдай анықталып, оның 20-сы стационарда емделуде.
Сонымен қатар, коронавирус 2023 жылы аурушандық 2022 жылмен салыстырғанда 49 есе төмендеген. Биыл COVID-19-дың тек 4 жағдайы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 38 есе азайғаны байқалады.
Спикерлердің айтуынша, маусымдық аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Өңірде 163 000 адамға екпе салу жоспарланған. Вакцинацияға жататын топтарға балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар азаматтар және қарттар кіреді. Вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері 8-12 күннен кейін байқалып, 12 айға дейін сақталады.
«ЖРВИ мен тұмаудан сақтану үшін қарапайым шараларды сақтау маңызды: адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, қолды жиі жуып, маска тағу қажет», – деп атап өтті Айдана Жексенбай.