Алматы облысында өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде орын алатыны анықталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Самат Кенжеханұлы осы мәселе бойынша пікір білдіріп, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.
Спикердің айтуынша, электр жабдықтары мен пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, тұрмыстық газды дұрыс тұтынбау сияқты қарапайым қателіктер жиі өрт оқиғаларына әкеп соғады. Жылыту маусымының басталуымен өңірде өрт оқиғаларының саны айтарлықтай артты. Қазіргі уақытта Алматы облысында 130 өрт тіркеліп, үш адам қаза тапқан.
Самат Кенжехан жаңа жылдық мерекелер қарсаңында қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін де атап өтті. Ол шыршаны дұрыс орнату, гирляндаларды тек қауіпсіз пайдалану және пиротехниканы тек ашық ауада қолдану туралы тұрғындарды ескертті. Сонымен қатар, жаңа жыл мерекелерінің қуанышын қауіпсіз жағдайда тойлау үшін әрбір адам өрт қауіпсіздігіне көңіл бөлуі керек екенін айтты.
«Жаңа жыл тек қуаныш әкелуі тиіс, алайда ол үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды. Қысқы кезең мен жаңа жылдық мерекелерде өрт қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмауымыз қажет»,– деді Самат Кенжехан.