News

Архивтегі революция: Алматы облыстық әмбебап кітапханасы жаңа кітап қорымен толықты

Алматы облысы «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ облыстық әмбебап кітапханаға 400 данаға тарта кітапты тарту етті.
Кітапхана қорын толықтырған бұл жазбалар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия зерделеген ақпараттармен толыққан.

Айналасы 3 жылдың ішінде тарихшылар құнды һәм құпия деректерді жинақтаған, бұл ретте Алматы облысына қатысты тарих қойнауында қалған мәліметтер де басылған.

Кітаптың қос томын Алматы облысында қуғын-сүргін жылдарындағы жайытқа арнаған Алматы облыстық өңірлік комиссияның жұмыс тобының жетекшісі Еркін Иманғазыұлы аталмыш кітапты жарыққа шығару ісіне «бұл-архивтегі революция» деп баға берді.

«Өңірлік комиссия мүшелері осы уақыт аралығында тың мәліметтерді архивтен көтерді. Төте жазудан киррилицаға аудару үшін аудармашылар да жұмылдырылды. Білген адамға тарихтан артық асыл құндылық жоқ. Менің ойымша, жұмыс тобы өзінің мақсатына жетті. Бұл өміршең жоба болады деп сенемін», — деді Еркін Иманғазыұлы.

Тарихи жазбаны табыстаған «Қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы Елбосын Абай жарық көрген туынды өзінің сүйікті оқырманын табатынын айтты.

«Һәкім Абай «Артық білім кітапта» дейді. Сондықтан сапалы кітап қашанда қажет. Сол себепті, бүгін біздер, 400 данаға жуық кітапты Алматы облыстық әмбебап кітапханасына табыстадық. Кітапхана қоры тағы бір асыл мұрамен толықты деп айтуға болады. Өткенсіз-тарих, бүгінсіз-болашақ жоқ. Сондықтан, өңірлік комиссия мүшелері болған , кітап шығаруға ат салысқан әр жанға айтар алғысымыз бөлек»,-деді Елбосын Абай.

Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік өңірлік комиссияға 10 адам мүше болған. Олар табан аудармастан ұлтқа қажетті құндылықты жинақтап, 52 томнан тұратын кітап шығарып, бүтін елдің өткенін түгендеді.