ЖаңалықтарЖетісу облысы

Еңбегі еленген марапат

Жетісу облысының Қаратал өзенінде болған оқиға жаздың жайма шуақ күнінде тіркелген. Патрульдік полицияның рота инспекторы Санат Серікқалиұлы ағыны қатты өзенге түсіп, суға батып бара жатқан баланы құтқарып, ерлік көрсетті. Жаужүректілігінің нәтижесінде ҚР Президентінің жарлығымен ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Оқиға кезінде өзеннің ағысына төтеп бере алмаған жасөспірім суға батып, көмекке шақырған. Бұл сәтті көрген инспектор бір сәт ойланбастан өзенге секіріп, оны аман-есен жағаға алып шықты. Демала алмай көгеріп қалған балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жүрек массажы мен жасанды тыныс арқылы демалысы қалпына келтірілді. Содан кейін жедел жәрдем қызметі шақырылды.

Санат Серікқалиұлы бұл әрекетін ерлік емес, әр азаматтың парызы деп санайды. «Адамдарды қорғау және көмек көрсету – бұл менің басты міндетім», – деді ол өз сөзінде.

Бұл оқиға Санат Серікқалиұлының адам өмірін құтқарудағы жоғары кәсібилігі мен батыл әрекетінің дәлелі ретінде есте қалды.