Елімізде 11 жасар қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина егу жұмыстары жоспарлануда. Екпені ата-ананың жазбаша келісімімен 2024 жылдың күзінен бастап Қазақстан Республикасының мектептерінде немесе тұрғылықты тіркелген мекенжайы бойынша толығымен тегін алуға болады. Ал ересек жастағы вакцинаның бұл түрін алғысы келетін жандарға екпе ақылы негізде салынатын болады. Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммникациялар қызметі ақпараттық алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова айтып берді.
Адам папиллома вирусы — жатыр мойны обырының дамуының негізгі этиологиялық факторы, сондықтан аурудың 95%-ы осы вируспен байланысты. Созылмалы вирус тасымалдау белгілі бір жағдайда жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін.
Бүгінде жатыр мойны обыры — дамушы елдердегі әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктің бірі.
Мәселен, тек Жетісу облысында ғана өткен жылы жатыр мойны обырының 62 жаңа жағдайы анықталса, жалпы саны 555 әйел есепте тұр.
«Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. Жатыр мойны қатерлі ісігі еш симптомсыз өтуі немесе жыныс жолдарынан кез келген қалыпты емес бөлініс, іштің төменгі бөлігіндегі және бел аймағындағы ауырсыну болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әлемде АПВ вакцинасының төрт өндірушісі бар, олардың екеуі 2-валентті және біреуі 4 және 9-валентті. Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасын сатып алуды жоспарлап отыр», — деді департамент басшысының орынбасары.
Спикердің айтуынша, ең тиімді қорғаныс вакцинация. Әлемде бұл препаратқа сұраныс өте жоғары. Халықаралық тәжірибеде жүзден астам елде АПВ вакцинасы енгізіліпті. Нәтижесінде бұл мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90%-ға төмендеген.