Жаңалықтар

Мәслихат сайлауы: Бокыбаев Нұрбақыт Әбдіғалиұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Алматы облыстық мәслихат депутаттығына №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша кандидат Бокыбаев Нұрбақыт Әбдіғалиұлының сайлауалды бағдарламасы

Мен, Бокыбаев Нұрбақыт Әбдіғалиұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениеттану ғылымдарының докторы, «Желтоқсан» ұйымының белді мүшесімін.

Еңбекшіқазақ ауданында туып-өсіп, өмір жолымды жоғары оқу орнын тәмамдаған сәттен бастап еліміздің өнер саласы мен мемлекеттік қызметке арнап келемін. Үш жоғары оқу орнын тәмамдап, бар білімімді еліміздің өркендеуіне атсалыстым. Мәдениет министрлігінің бас маманынан бастап, жоғары білім ордасының ұстазы мен проректоры болдым. Мемлекеттік қызметті 2000 жылы Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімшілік аппаратының Ішкі саясат бөлімін басқарудан бастап, Алматы қаласының әкімдігінің Ішкі саясат департаментінде жалғастырып, Алматы қаласы Кіші Ассамблеясының хатшылығы қызметтерін атқардым.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Басқарма басшысы, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының Бас директоры қызметтерін абыроймен атқардым. Бүгінгі таңда жастарды өнерге баулуда Темірбек Жүргенов атындағы Өнер колледжінің директоры қызметіндемін. Сайлауға қатысуымның басты себебі – туған еліме қызмет етіп, аймағымыздың өркендеуіне атсалысу. Мен қызмет пен атаққа зәру жан емеспін. Бүгінгі таңда әлем өзгеруде, өмір деңгейінің өсіп-өркендеуі мен оған қойылатын талаптар да басқаша, міне, осы жаңашылдықтарды Сіздермен бірге атқарып, аудан тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайының жақсаруына бар ынта-жігерімді салып, Сіздермен бірге машақаты мол шаруаларды шешуге атсалыспақ ниетімді қолдауларыңызды өтінемін.

Облыстық мәслихат депутаты болып сайлансам, маған сенім артқан сайлау округіне қарайтын елдімекендерді мемлекетімізде қабылданып жатқан түрлі әлеуметтік- экономикалық бағдарламалардан тыс қалдырмай енгізуге және тиісті қаржының бөлінуіне барынша атсалысу. Осы өңірдің тумасы ретінде округтегі елдімекендердің мәселелері маған етене таныс және оларды шешу үшін қандай шаралар қолдану керек екендігі де маған мәлім.

Мен сайлаушыларыма құрғақ уәде беріп, жүзеге аспайтын жобаларды ұсынбаймын, себебі облыстық мәслихат депутатының қолында ешқандай әкімшілік-қаржылық ресурстар жоқ, депутаттың негізгі мақсаты – өз округінің мәселелерін жетік білу, оны облыстық мәслихат отырыстарында көтеріп, оң шешімін табуына тиісті қаржының бөлінуіне ықпал ету. Бұл мақсатты іске асыруға даярмын. Депутаттың халық пен билік арасындағы алтын көпір екендігін ескере отырып, төмендегідей ұсынылған жұмыс
бағыттарының іске асуына аянбай атсалысамын. Жұмыс бағыттары: Біздің аудандағы елдімекендер еліміздің ең ірі мегаполисі — Алматы қаласына жақын орналасқан, сондықтан шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуеті өте зор. Қазіргі кезде елімізде іске асырылып жатқан реформалар мен даму бағдарламасының бірқатар жобаларына ауданды енгізіп, бөлініп жатқан орасан қаржының бір бөлігін алуға қолымыз жетсе, аудандағы әлеуметтік — экономикалық жағдай едәуір жақсара түсері сөзсіз. Осы мәселенің шешілуін негізгі бағдар етіп ала отырып, төмендегі бағыттарда жұмыс жасаймын:

МЕНІҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМ

ЕСІК  қаласы бойынша:

  • Кәріз жүйелерін ретке келтіру мәселесін қарастырамын;
  • Қала көшелерін стандартқа сай абаттандыру жұмыстары мен орта және шағын бизнес өкілдерінің дамуына ықпал етемін;
  • Ауданымыздың орталығы, еліміздің тарихи орталығына айналған
  • Есік қаласы мен аймағына туризімді дамыту бойынша жаңа ұсыныстар мен инвесторларды тарту мәселесін қолға аламын;
  • Аудан жастарын ұйымдастырып, жастарды ауызбіршілік пен ынтымақта болуына арнайы орталықтар құру мәселесін қолға аламын.

АВАТ ауылы бойынша:

  • Ауыл көшелерін абаттандыру мәселесін жалғастыру;
  • Ауыл жастарын білім мен ғылымға тарту.

АҚШИ ауылы бойынша:

  • Ақши ауылдық округінің елдімекендеріндегі көшелерін толыққанды абаттандыру жұмыстарының аяқталу ісімен айналысамын;
  • Казатком мен Қайрат ауылдарына білім ошақтары мен ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пункттердің салынуына атсалысамын.

БӘЙТЕРЕК ауылдық округі бойынша:

  • Бәйтерек ауылы бойынша халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін су жүйесінің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу ісімен айналысамын;
  • Бәйтерек ауылында күннен-күнге халық санының өсуіне байланысты күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе 1500 орындық  мектеп  пен  мәдениет кешенін салу ісінің  оңтайлы шешілуіне  атсалысамын;
  • Алға, Қойшыбек ауылдарының көшелерінде абаттандыру жұмыстарының толыққанды аяқталуы мен фельдшерлік-амбулаторияның салынуына  ықпал етемін.

САЙМАСАЙ  ауылдық  округі  бойынша:

  • Саймасай ауылдық округіне қарасты елдімекендердегі көшелерге абаттандыру жұмыстарын жүргізу ісімен шұғылданамын;
  • Саймасай ауылындағы кәріз жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары мен тазалау жүйесін жөндеуге ықпал етемін ( КОС салу );
  • Саймасай және Амангелді ауылдарына ауыз су құбырларын салу мәселесін көтеруге атсалысамын;
  • Амангелді ауылындағы Садыр атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу  және  ауылдық фельдшерлік-амбулатория ғимараты мен Мәдениет үйінің салыну мәселесін қарастырамын.

ЖАҢАШАР  ауылдық округі бойынша:

  • Жаңашар округіндегі елдімекендердің көшелерін абаттандыру жұмыстарының толыққанды аяқталуы және спорт кешенінің салыну ісімен айналысамын;
  • Жаңашар және Космос ауылдарының ауыз су құбырларын күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінуіне ықпал етемін;
  • Жаңашар мен Космос ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу мәселесін қарастыруға жұмыстанамын;
  • Космос ауылындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін қарастырамын.

Бөлек ауылдық округі бойынша:

  • Бөлек ауылдық округіне қарасты елді мекендердің көшелеріне абаттандыру және  кәріз құбырларына жөндеу жұмыстарын жүргізуге  жұмыстанамын;
  • Бөлек ауылындағы М.Горький атындағы және Қарасай ауылындағы Абай атындағы мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етемін;
  • Аймен және Қарасай ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу мәселесімен айналысамын.

Бұл үгіт материалы үшін төлем аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылды.