Жетісу облысының азаматтарының шағымдары бойынша өткен жылы облыстық Еңбек инспекциясы бойынша басқармасы 60 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 57 бұзушылық анықталды. Белгілі болғандай, негізінен еңбек бұзылыстары білім беру, денсаулық сақтау және құрылыс саласында орын алған. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында мәлімдеді.
«2023 жылы ұйымдардың 34 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы 5 млн. теңге. Еңбек инспекторлары облыстық прокуратурамен және аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп 15 кәсіпорында 214 млн. теңге сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады. Қабылданған ықпал ету шараларының нәтижесінде облыстың 849 қызметкерінің берешегі өтеліп, құқықтары қорғалды», — деп атап өтті спикер.
Айта кету керек, өткен жылы облыстың ұйымдары мен кәсіпорындарында өндірістегі қызметкерлермен 32 жазатайым оқиға болды.
Нәтижесінде 37 қызметкер зардап шегіп, оның ішінде 6 адам қайтыс болған.
«Басқарма 499 өтінішті тіркеді. Өтініштің негізгі бөлігі жұмыскерлердің конституциялық құқықтарына, ҚР Еңбек Кодексінің баптарын түсіндіруге, еңбек дауларына, жұмыс берушінің заңсыз әрекеттеріне, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына қатысты мәселелерді қозғайды», — дейді Еркін Дәулетұлы.
Спикер сөзінің соңында тұрғындардың еңбек қызметіне байланысты сұрақ немесе арыз-шағымдары болса, Жетісу облысының Еңбек инспекциясы бойынша басқармасына жүгіне алатынын айтты.