Жаңалықтар

Қарасай ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда

Ауданда «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы брифинг өтті.

Аудандық филиалдың төрағасы Қаныбек Айтжанов маңызды жобалардың аяқталғанын және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

Аймақта экономиканың өсуіне ықпал ететін бірқатар маңызды өндіріс орындары іске қосылды.

«Шамалған ауылында құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын құбыр арматурасын шығаратын зауыт ашылды. Мұнда 80 тұрақты жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, Сауыншы ауылында инвестиция көлемі 1,8 миллиард теңгеге тең сэндвич-панель шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс 60 адамды жұмыспен қамтып отыр», – деді Қаныбек Айтжанов

Ауданда жаңа мектептер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылы алты жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

«Білім саласындағы ең өзекті мәселенің бірі үш ауысымдық мектептерді жою. Осыған байланысты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Қаскелең, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында заманауи мектептер салынды. Бұл мектептер мыңдаған оқушыны сапалы біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Қаныбек Айтжанов.

«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына несиелер беріліп, жаңа кооперативтер құрылуда.

«Бағдарлама аясында 54 жобаға 467 миллион теңге көлемінде несие берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың табысын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, кооперативтер құру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту көзделіп отыр», – деді Қаныбек Айтжанов.

Аудан тұрғындары арасында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша да маңызды жұмыстар атқарылды. Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде биыл 1676 адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтті. Бұл көрсеткіш жоспардан 11,7%-ға артық орындалды. Аталған курс азаматтардың қаржы мәселелерін дұрыс жоспарлауына және қарыз жүктемесін азайтуға көмектесті.

Ауданда кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, ұлттық жоба аясында 367 жобаға 37,6 миллиард теңге бөлінді.

«Шағын және орта бизнес аудан экономикасының негізгі тірегі болып табылады. Сондықтан кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету арқылы жаңа өндіріс орындары ашылып, экономикалық белсенділік артуда», – деді ол.

Брифинг соңында аудандық филиал басшысы алдағы уақытта да партияның бастамалары жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.