News

Қарасай ауданында Оңтүстік Кореяның «KT&G» компаниясы зауыт салып жатыр

Іле Алатауының баурайындағы әсем өлкеде қазір 336 мыңға жуық халық тұрады. Қарасай ауданы тарихи тамыры терең өңір. Алматы облысындағы ірі ауданның қазіргі дамуы қарқынды. Мысалы, аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтыр 576,1 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім 94,6 млрд миллиард теңгеден асқан деп хабарлайды, өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жасұлан Тоққожаұлының айтуынша өткен жылы аудан бюджетіне 87,4 млрд теңге түсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 9,4%-ға ұлғайған. Өңірдің дамуын ауданның келбетіне қарап және күн санап көркейіп келе жатқан әрбір ауылдың тыныс-тіршілігінен көруге болады. Нарық заңдылығына сай шағын кәсіпкерлік көбейіп, шаруа қожалықтары жыл санап өсуде. Ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындар да барынша молайып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда аймақта 18 ірі өндірістік, оның ішіндегі 7 жүйе құраушы кәсіпорын. Атап айтсақ, «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Hamle Company LTD», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Келун Казфарм. Аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің 90% -ы аталған кәсіпорындарға тиесілі.
Аудан әкімі инвестиция тарту жұмыстары ілгерлеп жатқанын алға тартты. Нақтырақ айтар болсақ, жобаның құны 90,0 млрд құрайтын Оңтүстік Кореяның ірі «KT&G» компаниясының 405 жаңа жұмыс орынмен қамтамасыз ететін фабрика салынып жатыр. Бұдан өзге «Алтын Таға» темірбетон бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Жоба іске асса 1200 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Елтай ауылдық округінде «Фокус» логистикалық кешені салынуда.Инвестиция мөлшері 30,0 млрд теңге. Жоба 2024 жылы іске қосылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Шамалған ауылында 2,4 га жер теліміне «Қазақстандық құбыр арматурасы зауытының» іргетасы қаланды. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 154,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі 88,1 пайызға жетті. Ауданға инвестиция салуға ниетті кез келген кәсіпкерге әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетуге, кәсіпорын салушы азаматтарды қажетті инфрақұрылымдармен толықтай қамтамасыз етуге дайынбыз»,-деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.

Аудан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір фактор — шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл сала бойынша «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 200 кәсіпкерлерге 6,1 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 48,3 млн теңге көлемінде 35 азаматқа мемлекеттік грант табысталды. Сонымен қатар, 61 азаматқа 5 млн теңгеден барлығы 305 млн теңге шағын несие берілді. Қарасай ауданында 2023 жылы 9633 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 7552 тұрақты, 2081 адам уақытша жұмыспен қамтылды»,-деді спикер.
Өндірісі өркендеген аймақта басты назарға іліккен әлеуметтік- саяси жағдай бұл саяжай массивтерімен астасып жатыр. Аудан, облыс бойынша саяжай массивтері санынан көш басында. Өңірде екі жүзге тарта саяжай бар. Соның 52-і елді мекен құрамына енбек. Қазіргі таңда «Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп құжаттары даярлануда.
Елдің жайы жергілікті билік үшін ең басты мәселе болуы тиіс. Осы ретте қарасай жерінде аудан халқының басты базынасына айналған су жүйесіне қатысты біршама істер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жасұлан Естеновтың сөзіне сүйенсек, ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін 2 елді-мекенде ауыз су жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде және 9 ауылдың ауыз су жүйелері қайта жаңғырады. Бұл мақсатта қазынадан 187,4 млн. теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
«Айта кету керек, Қаскелең топтық су құбыры салынып жатыр. Топтық су құбырына ауданның 18 елді мекені кіреді. Жоспарға сәйкес, жұмыстар 2024 жылдың соңында аяқталуы тиіс»,- деп атап өтті аудан басшысы.
Баспасөз мәслихатында әкім айтқан кезекті мағұлмат көгілдір отын жайына қатысты болды. Жалпы, Қарасайда 47 елді мекеннің 43-не газ жүргізілген. Ендігіде әкімдіктің нысанасына алынған жұмыс 300 тұрғын үйі бар Сауыншы ауылын газбен қамту болып тұр. Бүгінде магистральды газ құбырының бастапқы құрылыс жұмыстарына 1,0 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып-алу конкурсы жүріп жатыр. 2024 жылы сауыншылық тұрғындар газға толықтай қосылуы керек екен.
Облыс үшінде аймақтағы айғайынныңда көз тіккен келесі мәселе- үш ауысымды мектеп. Қарасай жерінде өткен жылы үш ауысымда оқытатын 12 мектеп болса, биыл оның саны 6-ға азайған.
«2024-2025 жылдары қалған үш ауысымды мекетптерді жою үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан бойынша жалпы 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектеп салу қарастырылған. Одан бөлек, «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық және жеке кәсіпкермен «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 2000 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар іске асқаннан кейін ауданымыздың барлық үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі»,- деп айтты аудан әкімі.
«Жолдың жайын жүрген білер, елдің жайын әкім білер» демекші, Жасұлан Тоққожаұлы өзі басқаратын аймақтағы жол сапасы туралы сөз қаузады.
Айтуынша, аудандық маңызы бар 1115 шақырым жолдардың 527 шақырымына жөндеу жүргізілген, қалған 588 шақырымы әлі де жөндеуді талап етеді. .
«Биыл ауданның жолдарын жөндеуге 2,9 млрд теңге қарастырылып, 18 елді мекеннің 47 көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, оның ішінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 30 көшесінің 22,5 шақырымы жөнделеді. «КазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен Жібек жолы бекетін айналып өтетін, жалпы ұзындығы 7 шақырымды құрайтын автомобиль жолы көлік өткелі салынып жатыр. Жұмыстар 70 пайызға орындалған. Ал, аяқтау мерзімі 2024 жылдың тамыз айына жоспарланып отыр»,- деп қорытты спикер.