Жоғары аудиторлық палата Алматы облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне аудитті аяқтады. Оның нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен палата отырысында қаралды.
Мемлекет басшысының бастамасы аясында Алматы облысы 2022 жылы Жетісу облысының құрылуымен екіге бөлінді, ал оның жаңа орталығы Қонаев қаласы болды. Өңір экономикасының негізгі драйверлері — өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешен. Алматы облысының өнеркәсібі 90% өңдеуші сектор кәсіпорындарынан тұрады. Бұл — республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2023 жылы өңірде 30-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды, бұл мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
«Сонымен бірге, аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен трансферттерге тым тәуелді екені анықталды. Жеке инвестициялардың ресурстары толық қолданылмайды. Мердігерлік ұйымдардың бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіруі салдарынан болатын жүйелік проблемалар жергілікті бюджетке қосымша жүктеме салып отыр. Мәселен, 2022 жылы құны 129 млрд теңгеден асатын 110 жоба және 2023 жылы 110 млрд теңгеден асатын 81 жоба нормативтік мерзімде аяқталмаған. 2021 жылы басталған 5 автожолдың құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландырылмауына байланысты тоқтап тұр», — делінген Жоғары аудиторлық палата мәліметінде.
Қазіргі Алатау қаласының нысандарына қатысты кемшіліктер анықталды. Бұл тұрғыдағы жұмыстар G4 City жобасы аясында 10 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Атап айтқанда, бухгалтерлік есепте кемшіліктер белгілі болды.
«Бұдан бөлек, «Қонаев» ӘКК» АҚ «айналым схемасы» арқылы бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыруға алынған 4 млрд теңге кредиттік бюджет қаражатының тек 1,5 млрд теңгесі (38%) жұмсалған. Қалған 2,5 млрд теңге (62%) жүйелі түрде депозиттерге салумен банк шоттарында сақталып жатыр. Жалпы, аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде Алматы облысында жалпы сомасы 16,7 млрд теңгеге қаржылық талаптарды бұзу деректері анықталды, оның 12,2 млрд теңгесі бухгалтерлік есепті жүргізуге қатысты. Қазір аудит қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді 96 пайыздан астамы жойылды. Сондай-ақ қаржы саласындағы тиісті рәсімдер бойынша талаптарды бұзудың 485 жағдайы және 20 жүйелік кемшілік анықталды», — деп аталып өткен палата ақпаратында.