Без рубрики

Қонаев қаласының тұрғындары тұрғын үй құрылысының сапасына наразылық білдірді

Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Қонаев қаласы 5 шағынауданының тұрғындары өтінішін арқалап келді. Баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың «ICB Company» құрылыс компаниясына өкпесі қара қазандай.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің шатырынан су сорғалап, қаңылтырлары ұшып кеткен. Электр энергиясын таратқыш трансформатор қоршалмаған, едені қисық, пандустары құлай бастаған. Үйге табиғи газ қосылмаған деп шағымданды.

«Осы кемшіліктерді көрсетіп қала әкімдігіне бардық. Олар компания өкілдерін шақырды. Алайда мердігер кездесуге келмеді. Қыс болса қылышын сүйретіп келе жатыр. 80 пәтердің тұрғындары мәселелерінің шешімін таппай отыр», – деді тұрғын Арман Балхашев.

Пәтер иелері құрылыс компаниясына шара қолданып, аяқталмаған жұмыстарын аяқтап, «жосықсыз мердігер» деп тануды партиядан ықпал етуін сұрады.

«Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы 25 қазанға дейін орындалуы қажет. Біз хаттама толтырып оның орындалуын қадағалау Қонаев қалалық әкімдікке жүктеледі», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Кубентаев.