Бүгін Алматы облысының орталығында мұғалімдер күні тағы атап өтілді. Салтанатты шарада Қонаев қаласының ұстаздары марапатталды.
Жиында шаһар басшысының орынбасары Нұрсолтанова Сәуле сөз алды.
«Бұл орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлы мереке. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Бүгінгі күні Қонаев қаласы мен ауылдық білім беру мекемелерінде 1300 педагог қызмет атқаруда», – деді әкімнің орынбасары.
Сәуле Нұрсолтанованың айтуынша, жас мамандарға тұрақты түрде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
«Былтыр «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 маманға жалпы сомасы 9,6 млн. теңге берілді. Ал биыл 7 маманға 2,4 млн. теңге көтерме жәрдемақы төленді», – деді ол.
Қала әкімінің орынбасары ұстаздар мен мектеп ұжымдарының жеткен жетістіктерін атап өтіп, педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Шарада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Раушан Закериянова, Шамила Ормамбекова, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен Дания Коспаева марапатталды. Сондай-ақ министр Ғани Бейсембаевтың Алғыс хаты бірқатар ұстазға берілді. Ал Назгүл Каримоваға Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмай, марапатқа ие болды. Қала әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталғандар қатары да аз емес.