ҚоғамМедицина

Қонаевта 900-ге жуық бала қызылшаға қарсы екпе алды

Дәрігердің сөзінше, кез келген аурудың алдын алу үшін екпе алу керек. Қазіргі таңда Қонаевта балаларды қосымша иммундау жүріп жатыр. Оның ішіне 6 айдан 11 айға дейінгі, 2-5 жас аралығындағы балалар кіреді. Бұдан бөлек, қызылшаға жоспарлы егу (1-6 жас аралығы) жүргізілуде. Қосымша иммундау бойынша осы уақытқа дейін 866 бала екпе алған.

«Өткен аптаның жексенбісінде 1500 дана екпе әкелінді. Сондай-ақ медициналық қызметкерлер де қызылшаға қарсы вакцина алып жатыр. Қаладағы эпидемиялық жағдай тұрақталғанша қосымша иммундау процесін тоқтатпаймыз. Шаһарға қарасты Шеңгелді және Заречный ауылдық округтеріндегі тұрғындар да вакцина ала алады. Ол үшін медициналық қызметкерлерге жүгінулері тиіс», – деді эпидемиолог.

Ал жұқпалы аурулар бөлімінің жалпы тәжірибе дәрігері Нұрғазы Шамұратовтың айтуынша, аталған бөлімге дене қызуына, жөтел мен әлсіздікке шағымданып күніне 20-25 науқас келеді.

«Қызылша жұқтырғандардың көбі 1 жасқа дейінгі балалар. Ауруы асқынғандарды бірден стационарлық емдеуге жатқызып жатырмыз. Ал кейбір науқастар үй жағдайында емделуде. Олардың жағдайын бақылауда ұстап отырмыз. Бұған дейін ауруханадан емделіп шыққандардың саны – 100-ден астам», – деді дәрігер.

Сонымен қатар ол қызылшаның алғашқы 3-5 күні жоғары респираторлы вирусты инфекция түрінде жүретінін айтты. Осы кезеңнен кейін денеде бөртпелер пайда болады.

Айта кетейік, елімізде 6 қарашадан қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. 23 қараша күні Қазақстанға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина (ҚҚП) партиясы келді. Бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі балалар иммундауға жатады. Желтоқсаннан бастап егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сондай-ақ профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарланған.

Қызылша – инфекцияның таралуы ауа тамшылары арқылы болатын жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болып қалады және кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін.