Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Қонаев қаласындағы кездесуінде тұрғындар Шеңгелдіде жайылым жердің тапшылығына шағымданды.
Айтуларынша, бұл мәселе көптен бері өз шешімін таппай келеді. Ал ауылдың жан-жағы түгел суармалы алқаптар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Жұртшылық елдімекенге қарасты жайылым жер болса да, нақты қай жер екенін білмейтіндерін айтып шағымданды.
Халықтың шағымын тыңдаған Марат Сұлтанғазиев пайдаланылмай жатқан жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын айтты.
«Қонаев қаласына қарасты аумақта пайдаланылмайтын 25,6 мың гектар жер анықталып, оның 12,8 мыңы мемлекетке қайтарылған. Оның басым бөлігі Шеңгелді алқабында, 21,3 мың га анықталып, 8,6 мың гектары қайтарылған. Қоғамдық жайылым ұйымдастыру үшін 3720 га жер Қосқұдық, Сарыбұлақ станцияларының, Кербұлақ және Шеңгелді ауылдарының тұрғындарына берілген», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы ауыл әкімі Мақсат Жазиевке қатаң ескерту жасап, тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмысын жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, биыл Алматы облысы бойынша 543,7 мың гектар қолданылмайтын ауыл шаруашылық жерлері анықталып, оның 118,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.