Дүниежүзілік ЖИТС(жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы)-ке қарсы күрес күні жыл сайын 1-ші желтоқсанда атап өтіледі. Үрдіске Жетісу өңірі де қосылып, 2023 жылдың 20-шы қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында онкүндік өтуде. Аталған шара әрқашан белгілі бір тақырыпқа ие. Биылғы ұран – «Көшбасшылық қоғамдастықтарға!»
Толығырақ Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медико-санитарлық көмекті үйлестіру және қоғамдық денсаулық бөлімінің басшысы Алмагүл Кенжеғұлова мен Облыстық АИТВ жұқпасының алдын алу орталығының емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Айман Қалиева толығырақ айтып берді.
«Бұл науқанға Жетісу өңіріндегі барлық жастар денсаулық орталықтары және үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылған. Он күндік аясында түрлі іс-шаралар, акциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, халықты Экспресс-тестілеуден өткіздік. Бұл іс-шаралар АИТВ(адамның иммун тапшылығының вирусы) жұқпасының алдын алуға, білімді насихаттауға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті азайтуға бағытталған. Экспресс-тест биоматериал тапсырғаннан соң 20-30 минут арасында адам ағзасында АИТВ бар-жоғын анықтай алады. Егер бұндай талдау сырқат бар екенін білдірсе, диагнозды нақтылау үшін нәтижені мүмкіндігінше тезірек облыстық АИТВ-дың алдын алу және Республикалық орталықтың зертханасында қайта тексеру қажет», — дейді Алмагүл Кенжеғұлова.
Бүгінгі таңда Жетісу өңірінде АИТВ-инфекциясының 714 жағдайы тіркелді. Айта кетейік, АИТВ — өлімге әкелетін ауру емес. Вирус жұқтырғандар АРТ (антиретровирустық) терапияны үздіксіз қолдану және ұстану нәтижесінде ұзақ әрі сапалы өмір сүре алады. Ауру тұқым қуаламайды.
«Адам өзінің диагнозын ертерек біліп, АРТ терапиясын қабылдаса вирустың өзгелерге жұғуына жол бермейді. Жыл сайын дертке шалдыққан негізгі топтардың өкілдері (ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер, секс-жұмыскерлер) және жүкті әйелдер АИТВ ға көбірек тестіленуде. Сондай-ақ бізде сырқат жұқтырғандармен тікелей жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым бар. Адамдар өздерінің мәртебесін қабылдап, емделуге баруы үшін олар кеңес беріп, ақпараттандырады. АИТВ инфекциясының таралуына қарсы тұруда бұл қауымдастықтар бізге көп көмектеседі», — деді Айман Қалиева.
Биылғы жылы жасөспірімдер мен жастар арасында АИТВ-инфекциясының алдын алу шараларын жүргізу үшін үкіметтік емес ұйымдарға жергілікті бюджеттен грант бөлінгенін айта кеткен жөн. Грант жеңіп алған «Қос қанат Жетісу» қоғамдық ұйымы қазір жоғарыда аталған халық топтары арасында оқыту семинарларын өткізуде. Бұл жұмыстарды 2024 жылы жалғастыру жоспарлануда.