МӘМС жүйесі енгізілгелі дәрігерлердің консультациялары, зертханалық талдаулар және аспаптық диагностиканың саны 7 есе артты, деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Биыл МӘМС аясында консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетуге 290 млрд теңгеге шарттар жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. 3 жыл ішінде бұл қызметтердің көлемі 7 есе өсті. 2019 жылы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін 18 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілсе, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 142 млн-ға жетті.
«Пациенттер консультациялық-диагностикалық қызметтерге көп жүгінеді. Олар МӘМС бойынша бейінді дәрігерден тегін кеңес алу, талдаулар тапсыру және жолдама бойынша КТ/МРТ өтуге болатынын біледі. Азаматтардың қажеттіліктерін ескеріп, жыл сайын қызметтерге қаржы көптеп бөлінеді әрі Қормен жұмыс істеуге ниет білдірген медициналық ұйымдардың саны да артып келеді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша МӘМС аясында 126,7 млрд теңгеге консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Оған зертханалық талдаулар, диагностика (УДЗ, ЭКГ, КТ/МРТ және т. б.), стоматологиялық қызметтер, жылжымалы медициналық кешендердің, жастар денсаулық орталықтарының жұмысы кіреді», – деп хабарлады Қордың баспасөз қызметі.
МӘМС жүйесінің негізгі міндеті – денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін біртіндеп арттыру. Егер 2019 жылы азаматтардың медициналық қызметтерге қажеттілігіне 1,03 трлн теңге (ТМККК) бөлінсе, 2023 жылы 2,5 трлн теңгеден астам қаржы (өсім 2,5 есе) қарастырылған.