AMANAT партиясының мүшелері Жамбыл ауданындағы Қастек өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Экологиялық іс-шараға барлық деңгейлі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты
Акцияға 100-ге жуық адам белсенділік танытып, туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Жиналған 1,5 тонна қоқыс арнайы полигонға жіберілді.
«Жазғы уақытта азаматтардың көп демалатын жері өзен-көлдің жағасы болса, осы Қастек жағасын таза ұстау негізгі мақсатымыз. Тазалау барысында бұрыннан қалып қалған тұрмыстық қалдықтар, полиэтилен пакет, пластик бөтелкелер сияқты күл-қоқыстар шығарылып, полигонға жөнелтілді. «Таза бейсенбі» экоакциясы елді мекендерде де жақсы жолға қойылған. Алдағы уақытта да бұл экологиялық акция жалғасын табатын болады. Әрбір азамат өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін өзінің ортасын таза ұстауды көрсете білу керек деп ойлаймын», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ықылас Амалбек.
Ал Алматы облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашеваның айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу – AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі.
«Аманаттықтар табиғатты аялау ісін әрі қарай жалғастыруға ниетті. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін барлық аудан орталықтарындағы және Қонаев қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою міндеті тұр. Онымен қоса, өңірде полигон және кешенді қоқыс тиеу мен сұрыптау төрт алаңы салынбақ. Сондай-ақ барлық ауылдарда қоқысты бөлек сұрыптауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде 1 мың контейнер орнатылады», – дейді Меруерт Молдашева.
Айта кету керек, жалпы өңірде «Таза Қазақстан» жобасы басталғалы бері іс-шараға 700 мыңға жуық азамат тазалық жұмыстарына атсалысты. 20 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды