Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңір әкімдеріне еңбек жәрмеңкелерін жүйелі өткізуді тапсырды.
«Өңір әкімдері бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізіп, Астанада іске асырылып жатқан «Жолтап» пилоттық жобасын үлгі ретінде пайдалану қажет. Еңбек министрлігі Мәдениет министрлігімен бірге жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуі тиіс», – деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ, ол Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігіне облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары мен аудандық Мансап орталықтарының әлеуетін ұтымды пайдалануды тапсырды.
«Аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды. Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әкімдіктер құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасына баса назар аудару керектігін еске салды.
«Жұмысқа орналастыруды мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету қажет», – деді Премьер-Министр.