Без рубрики

Жетісу облысында ұлттық мереке — Республика күні атап өтіледі

Елімізде 25 қазан күні Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Жетісу облысында бірқатар іс-шара атқарылмақ. Аудан, қалаларда туған жерінің көркеюіне үлес қосқан тұлғаларға «Құрметті азамат» атағы мен басқа да марапаттар табысталады. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен БАҚ өкілдерімен кездесуде Жетісу облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Башбаев айтып берді.

Спикердің айтуынша, Республика күні қарсаңында Талдықорған қаласында және Ақсу ауданында да көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмек. Одан бөлек, облыс бойынша әлеуметтік нысандардың ашылуы көзделіп отыр. Бірнеше ауданда фельдшерлік-акушерлік пункттер, Мәдениет үйі, спорттық сауықтыру кешендері қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, Қаратал ауданында тарихи өлкетану музейі ашылады деп жоспарлануда.

«Бұл ретте біз Жетісу халқының тынымсыз еңбегінің арқасында өткен -9 айдың қорытындысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінде 5,8%, ауыл шаруашылығында 1,7% өсім байқалады. Тұрғын үй мәселесі бойынша жыл басынан бері 1100 пәтер берілген. Биыл бұл рекордтық көрсеткіштерге жетіп отыр», — деді Айдар Башбаев.

Жетісулықтар Республика күнін тойлауды 21 қазаннан бастап кетті. Мерекеде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі жоспарланып отыр. Шараның мақсаты – жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру. Ұлттық сананы жаңғырту.