Жетісу облысында вирустық «А» гепатитімен ауырғандар саны артып келеді. Сырқаттанушылық өткен жылмен салыстырғанда 7 есе өскен. 2023-2024 жылдың эпидемиялық кезеңінде вирустық «А» гепатитінің 29 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны – 6. Яғни, 20,6%.
«Вирустық гепатиттер – вируспен шақырылатын, бауырды зақымдаумен сипатталатын және сарғаю белгісі болатын сырқат. Жұқпаның тұрғындар арасында берілу жолы мен таралуы әртүрлі. Вирустық гепатиттердің бірнеше түрлері кездеседі, соның ішінде ең кең тараған түрі вирустық «А» гепатиті. Вирустық гепатитпен тек адам ауырады, барлық жағдайда жұқпа көзі – ауру адам»,- дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Кунбасова.
Айта кетерлігі 2023-2024 оқу жылында облыстағы 345 мектептің 8-нен ауру шыққан. Сырқаттанған оқушылар саны 9.
Вирустық «А» гепатитімен сырқаттанушылық күз-қыс айларында жоғарылайды. Гепатитті төмендетудің тиімді жолы – иммундау. Бүгінде өңірде вирустық «А» гепатитіне қарсы 2 жастағы 16 991 бала және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ошақта қарым-қатынаста болған 3375 адам иммундаумен қамтылып отыр.