Жетісу облысыҚоғам

Жетісу облысында 415 қызметкердің құқығы қорғалды

2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлердің жазбаша өтініштері негізінде 25 тексеру жүргізіп, 28 заң бұзушылық анықтады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Жетісу облысы бойынша еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы мәлімдеді.
Мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмыс берушілер мен лауазымды тұлғаларға салған әкімшілік айыппұлдарының жалпы сомасы 11 миллион 100 мың теңгеден асады. Барлық сомалар облыстың мемлекеттік кірістер органдарына аударылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 415 жұмысшының құқығы қорғалып, 79 миллион 500 мың теңгеден астам еңбекақы төленді.
Спикер өз баяндамасында сондай-ақ бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындарында өндіріске байланысты 8 жазатайым оқиға орын алып, 13 адам зардап шеккенін хабарлады. Оның ішінде 8 жұмысшының жағдайы ауыр, 5 жұмысшының жеңіл түрі анықталды, жұмыс орнында қаза болғандар тіркелмеген.
Сонымен бірге Еркін Дәулетұлы жалақыны уақытылы төлемегені үшін жұмыс берушіге 150 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл, жазатайым оқиға туралы хабарламағаны үшін 140 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті.