Жетісу облысыҚоғам

Жетісу облысында кене энцефалитіне қарсы күрес шаралары өтуде

Жетісу облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан, аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары кене энцефалитінен эндемиялық аймақтарға жатады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жетісу облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова мәлімдеді.

Өңірде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, кене инфекцияларымен сырқаттанушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асырылады. Кене инфекцияларының алдын алу шараларының бірі — кенеге қарсы өңдеу жүргізу.

«Табиғи ошақтардың аумақтарында профилактикалық мақсатта кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары 1-ші, 2-ші турмен сәуір, маусым айларында 230 га көлемінде жүргізіледі. Кенелердің белсенділігі маусымының басталуына орай 8 сәуірден бастап бүгінгі күнге дейін тұрғындар көп демалатын ашық аумақтарда 210 га көлемінде кенелерге қарсы өңдеу жүргізілді. Барлық аудандар мен қалаларда өңдеу жұмыстарының 1-туры ауа райының болжамына байланысты 3 мамырға дейін  жалғасады, ал  2- тур маусым айында жүргізілетін болады. Жыл басынан бері облыста кене инфекциясы тіркелген жоқ», — деді департамент басшысының орынбасары.

Спикердің айтуынша, кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакцинация болып табылады. Табиғи жағдайларда жұмыс істейтін эндемиялық аймақтарда тұратын халық демалыс, туризм мақсатында кене белсенділігі маусымында эндемиялық аудандарға баруды жоспарлайтын адамдар кене энцефалитіне қарсы профилактикалық егулер алуы тиіс.

Маман қауіпті жәндіктің белсенді маусымы кезеңінде барынша абай болуға шақырады. Әсіресе, эндемиялық аймақтағы тау, орман, демалыс орындарына барғанда сақтық шараларын ұстану қажет дейді. Кене шағып алған жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінген жөн. Мамандар зардап шегушіден кенені алып тастап, жәндікке қарсы арнайы иммуноглобулин егеді.

Айта кету керек, кене энцефалиті — мидың қабынуын тудырып, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын табиғи-ошақтық ауру.