Жетісу облысыҚоғам

Жетісу облысында құрылыс жұмыстарының сапасына 24 млн. теңгеге жуық айыппұл салынды

Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Саят Қараласов жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының сапасына 24 млн. теңгеге жуық айыппұл салынғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 189 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орындалмаған құрылыс жұмыстары үшін өтініштер мен шағымдар негізінде 92 нысан қамтылды. Нәтижесінде  64 әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал 28 нысан бойынша нысанға анықталған кемшіліктерді белгіленген уақыт ішінде түзету туралы ұйғарымдар беріліп, жіберілген кемшіліктер түзетілді.

Басқарма  басшысы  сондай-ақ, облыстың барлық құрылыс нысандарында техникалық және авторлық қадағалаулар жүзеге асырылатынын атап өтті. Олар  күнделікті жұмысты орындайды және ай сайын басқармаға есептерді электронды түрде «Е-Құрылыс» порталына жібереді. Жыл басынан бері облыс аумағында объектілердің заңсыз және өз бетінше салынуы анықталған жоқ.