Жетісу өңірінде өршіп тұрған өзекті инфекциялардың бірі – қызылша ауруы. Облыстың барлық аумақтарында тіркелген бұл сырқатқа шалдыққандар саны биыл 381 адам. Оның 215-і 5 жасқа толмаған балалар. Ауа-тамшыларымен тарайтын жұқпалы жіті вирустың ең тиімді алдын алу жолы – ол вакцинация. Десе де аталған дертті жұқтырған өлке тұрғындарының 83 пайызы бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған БАҚ өкілдерімен кездесуінде Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Чарапиев Асхат Сакенұлы баяндады.
«Жетісу облысында қызылшамен сырқаттану деңгейі әсіресе Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданында өршіп тұр. Аурудың таралуын болдырмау үшін тұрғындарды вакцинациямен жоғары деңгейде қамтылуын қамтамасыз ету қажет.
Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы егу 12-15 айлығында және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Алайда науқастар санының күніге көбеюіне байланысты қосымша жаппай иммундау 6 айдан бастап 11 айға дейінгі және 2 жастан бастап, 5 жасқа дейінгі балалар арасында жүргізілуде. Сондай-ақ 2019-2020 жылдар аралығындағы қосымша жаппай иммундау барысында қызылшаға қарсы егілмеген медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері, иммундық статусы белгісіз және бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі тұрғындарды да назардан тыс қалдырмадық», — дейді спикер.
Бүгінгі күні облыста 10 698 адам жаппай иммундаудан өтті. Оның 2 мыңнан астамы 6 және 10 ай арасындағы бүлдіршіндер. 6 мыңға жуығы – 2-4 жастағы балалар. 2 жарым мыңнан аса медициналық қызметкерлер мен екпелерді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі 205 тұрғын қамтылды.
«Вакцинацияға қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы комбинирленген «Serum Insti» атты үндістандық препарат қолданылады. Шет елдік иммуннан қорқу – еш негізсіз. Себебі ол ДДҰ-мен сертификатталған және Қазақстан Республикасында тіркелген. Құрамында тірі әлсіздендірілген вирустар бар, қоздырғыш ауру тудырмайтын және күшті иммунды жауап шақыратын бұндай тиімді препарат елімізде 2007 жылдан бері қолданылып келеді», — дейді Асхат Чарапиев.
Спикер баяндама соңында ДДҰ мәліметтері бойынша, қызылшаға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 95%-ы екпе алуы қажеттігін айтты. Біз осы көрсеткіштерге жеткенде сырқаттанушылық төмендейтінін айтып, медициналық шектеулер болмаса, белсенділік танытып, егілуге шақырды.