Қазіргі таңда әлеуметтік желіні жаулаған жағымсыз жаңалықтар өршуде. Солардың бірі күні бүгінге дейін шешімін таппаған тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі. Жетісу өңірінің өзінде «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» заңның 73-бабына сәйкес, нақтырақ отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық ұлғайған. Яғни былтырғы жылда үйдегі әлімжеттік саны 393 болса, соңғы 10 айда 732-ге жеткен. Аталған баптың бірінші тармағына сәйкес 2022 жылы 307, ал 2023 жылы 413 оқиға орын алған. Дәл солай 73-2 (ұрып-соғу) бабын бұзушылар саны 379 дан 469 ға дейін көтерілген.
Мемлекет басшысы бұндай оқиғалардан кейін заңдылықтың сақталуын, азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениеті деңгейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Аталған заңсыздықтардың негізінде облыста 20-30 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Бұл жайлы Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Байкенов Жасұлан Құдайбергенұлы баяндады.
«Отбасылық жанжал үшін құқықбұзушының жауапкершілігі күшейтіледі. Бірінші кезекте, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу «арыздану» сипатынан «анықтауға» көшіріледі. Атап айтқанда, жәбірленуші тұлға арыз жазудан бас тарса да әкімшілік іс қозғаймыз. Яғни, заңсыздық бойынша хаттама толтыру үшін оқиға болған жерді қарап тексеріп, жәбірленушіден түсініктеме алып, куәлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының сондай-ақ полицейдің бейнетіркегішінің жазбасы жеткілікті. Қос тараптың қайта қосылуына келсек, енді сот тек бір рет қана татуласуға мүмкіндік береді, қайталған жағдайда агрессор жауапқа тартылады», — дейді спикер.
Сондай-ақ үйдегі ушыққан жанжал үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, қамауға алу мерзімдері ұзарды. Зәбірленушіге ауыр және орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтірілсе 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Отбасындағы заңсыздық бойынша агрессорға ескерту немесе 5 тәулікке қамау қарастырылған. Егерде заң бұзушы 1 жыл ішінде әрекетін қайталайтын болса бірден 10 тәулікке қамалады. Зәбірленушіні ұрып соққан жағдайда – 10, екінші мәрте қол көтерсе – 20 тәулік қамауға алынады. Денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін – 15, әрекетін қайта жалғастырған жағдайда – 25 тәулік темір тор ішінде болады.
Сонымен қатар спикер баяндамасында балалар қауіпсіздігіне де тоқталып өтті. Бейбітшілік кезінде көлік астында балалардың қаза табуы алаңдататынын, ата аналарға жасөспірім сәбилеріне бей-жай қарамай қадағалауын өтінді.