Жетісу облысында вегатациялық кезеңнің өтуі аяқталды, биыл шаруалардан 2 шағым түсті. Мұндай ақпаратпен Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «ҚАЗСУШАР» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергенов бөлісті.
Жалпы облыста 3 қоймасы бар, атап айтсақ, Алмалы, Ақешкі, Ащыбұлақ су қоймалары. Сонымен қатар бүгінде Қызылағаш су қоймасы салынып жатыр. Вегетациялық кезеңде суармалы су беруге бекітілген жоспар көлемі 1 007 543,7 мың м3 орындалды. Жинақталған судың көлемі бекітілген 146 592 гектар алқапты тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жыл сайын филиал мамандары суару желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Сондай ақ облыс бойынша су шаруашылығы жүйесін жақсарту бойынша бірқатар іс шаралар жүргізілуде:
– Ескелді ауданындағы Алмалы, Ақешкі, Ашыбұлақ су қоймаларын, Алакөл ауданындағы Тентек өзеніндегі су тарту су торабын, Ақсу ауданындағы Биен өзеніндегі су торабын, Қаратал ауданындағы Үштөбе магистральдық каналын қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде;
– Ақсу, Алакөл, Ескелді, Панфилов аудандарында жаңа су қоймаларын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде;
– Көксу ауданында «Көксу ауданының суару желілерін реконструкциялау» жобасы жүзеге асырылуда.