2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста 198 шақырым жол жөнделді. Биылғы жылы 202 шақырымды жөндеу үшін Ұлттық қордан және жергілікті бюджеттен 20 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев бөлісті.
2022 жылғы 20 қазанда ҚР Президентінің Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде Үкіметке және облыс әкімдігіне алдағы үш жыл ішінде 15 апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізу тапсырылды. 15 көпірдің 5 көпіріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 5 көпірдің 2-і қолданысқа қабылданып, 3-і биыл беріледі. Қалған 10 көпірдің жөндеу жұмысының түрінің өзгеруіне байланысты мемлекеттік сараптамадан қайта түзетулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан және Көксу аудандарындағы 5 көпірді жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Ол үшін 635 млн. теңге бөлінген.
«2024 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолының 22 учаскесінде 45 дана фото-бейне бақылау камераларын орнату көзделіп отыр. Қазіргі уақытта сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 420 дана уақытша жол белгілері орнатылды. Бұдан басқа, Әкімшілік полиция және ТЖД басқармасымен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленді. Төтенше жағдайында халықты хабардар ету схемасы бекітілді», — деді басқарма басшысы Ғалымжан Темірғалиұлы.
Жетісу облысының маршруттық желісі 72 автобус бағытын қамтиды. 7 облысаралық бағыт, 17 облысішілік бағыт, 38 ауданішілік, (қалаішілік) бағыт, 10 қала маңындағы бағыт, оған 18 тасымалдаушы 330 жылжымалы құрамымен қызмет көрсетеді.