Без рубрики

Алматы облысында 5 айдан бері мектептің құрылысы тоқтап тұр

Аманаттықтар құрылысы баяу жүріп жатқан білім беру нысандарын аралады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Төле би ауылында жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысы маусым айынан бері тоқтап тұр. 600 орынға арналған білім ошағының іргетасы 2021 жылы басталған.

«612 бала қазір 60 жыл бұрын салынған мектепте оқып жатыр. Кабинет жетіспейді. Жаттығу залында спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ. Ата-аналар мен ұстаздардың арманы жаңа мектепке көшу. Жаңа мектептің тезірек ашылуына жан-жақты қолдау көрсетсе екен», – дейді Төле би орта мектебінің директоры Қази Искаков.

Осы мәселені жалғаған «AMANAT» партиясының өкілдері аталмыш нысан партияның жіті бақылауында екенін айтты.

«Мектеп құрылысына 1 млрд 489 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Бас мердігер соның өзі жетпей қалғанын айтады. Өйткені жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден асады. Сондықтан құрылыстың тұралап қалғанын жасырмайды. Бұл жұмысты партия мүшелері бақылауда ұстамақ», – облыстық партия филиалы төрағасы Қуат Байғоджаев.

Аманаттықтар алдағы уақытта білім және құрылыс басқармаларын фракция отырысында тыңдап, қатаң шара қолдану керектігін айтты.

Сонымен қатар, бұл нысанды Мәжіліс депутаты, партияның бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев республика көлемінде көтермек.