Без рубрики

Алматы облысында емханаға тіркеу аяқталды

Биыл тіркелу науқаны аясында Алматы облысының 97 мыңнан астам тұрғыны емханаларын ауыстырды

.Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оңғарсын Байұзақов пен “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалыны директорының орынбасары Алимбек Тажеков мәлімдеді.

Еске сала кетейік, елімізде қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында жыл сайынғы емханаларға тіркелу науқаны өтті.

“Қазіргі таңда өңірде 444 денсаулық сақтау нысаны бар. Ал, тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмекті 358 нысан көрсетеді. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру процесіне халықты тарту және тиімді кері байланыс, тұрғындармен жұмыс жобалары іске қосылды”,-дейді Оңғарсын Байұзақов.

Науқан барысында 97 943 облыс тұрғыны емхана ауыстырды. Қазіргі таңда облыс бойынша емханаға тіркелген азаматтардың саны 1581 884 адам.

“Азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі науқанмен шектелмейді. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекен жайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көрсетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар, жылына 1 рет еркін таңдау бойынша тіркелу құқығы әр азаматта бар”,-дейді Алимбек Тажеков.

Айта кетейік, облыс бойынша бүгінгі таңда 354 мемлекеттік және 90 жекеменшік емхана бар.