News

Алматы облысында жоғарғы вольтты 10 станция салынады

«Тарифті инвестицияға айырбастау» тұрғындар үшін керекті жоба. Өйткені, тұрмыстың сапасы мен әлеуметтік жағдайға әсер ететін басты фактор- тариф.

Бұл тіпті Мемлекет басшысының жолдауында да айқындалған. Сол себепті бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында аймақтағы тарифті инвестицияға айырбастау тақырыбы көтерілді.

Аталмыш жоба Алматы облысында жүйелі жүзеге асуда. Оған дәлел, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлескен 2022-2026 жылдарға арналған «Қонаев су арнасы» арнайы бағдарламасының бекітілгені.
Бағдарлама негізінде тартылатын инвестиция көлемі -1,3 млрд. теңгеге.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша депатамент басшысы Барлық Төрехановтың сөзіне сүйенсек, бұл қаржыға алдағы таңда 42,6 км желіні жөндеуден өткізу көзделген, ақаулар қалпына келсе, су желілерінің тозуы 80 пайыздан 67 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар, тарифті ұлғайту есебінен 168,4 млн.теңгеге «Талғар су» МКК үшін де инвестициялық бағдарлама әзірленді. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, 16 км су желісі жөнделіп, желілердің тозу деңгейі 21 пайызға дейін азаяды деп жоспарлануда.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасына кіретін тағы бір бағыт — электр энергиясының тарифтері. Қазіргі кезде облыста электр беру желілерінің ұзындығы 22,1 мың км құрайды, аталмыш желілердің 70%-ға жуығының тозығы жеткен.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басшысының орынбасары Ракеш Байжұматовтың айтуынша, желілерді жөндеудің бірден-бір жолы тариф құнын өсіру. Сәйкесінше, өңірде «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасын іске асыру тиімді болмақ, осының негізінде Алматы облысында қытайлық TBEA компаниясымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 10 жаңа жоғары вольтты қосалқы станция салынады. Жоба құны 100 млрд.теңгеден асады.

Бүгіне облыс әкімдігімен Қазақстан Республикасының Президентінің «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын орындау мақсатында инвесторларды тарту ісі жалғасуда. Осылайша салынған инвестицияларды тариф есебінен қайтару үшін жұмыстар жүргізілуде.