Без рубрики

Алматы облысының мәдени ұйымдары «Рухани қазына – 2023» фестивалінде жеңімпаз атанды

Еліміздегі мәдени мекемелердің үздігі сараланған жарыста Алматы облысының өкілдері өзге қатысушылардан оза шауып, үздіктер қатарынан көрінді. Жамбыл ауданында орналасқан С. Аронұлының әдеби-мемориалды музейі «Үздік аудандық маңызы бар музей» деп танылды. Мекеме 1 млн теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.

«Ерекше сезімдемін, Алматы облысы әкімдігі мен Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен республикалық фестивальға қатысудың өзі үлкен мәртебе. Сүйінбай атамыздың атын шарықтатамын деген ой мені жеңіске жетеледі. Ол кісінің өмірі мен мен шығармашылығын насихаттап, Астананың төрінде бас жүлдемен марапатталдық. Өте қуаныштымын», — дейді С. Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Аяужан Сәдуақасова.

Сонымен қатар, Талғар ауданындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің жетекшісі Мейіржан Бахытжанұлы «Ауылдық маңызы бар музейдің үздік қызметкері» номинациясына ие болды. 500 мың теңге қаржылай сый алды. «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясына Іле ауданына қарасты Ақши ауылдық балалар кітапханасы лайық деп танылды. Мекемеге 1 миллион теңге көлеміндегі сертификат табысталды.

Айта кетейік, мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылығын қолдауға бағытталған фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен
жылда өтеді. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдени мекемелер мен сала қызметкерлері қатысып, өзара бақ сынайды.