Без рубрики

Алматы облысының тұрғыны алма бағында қарасора өсірген

Алматы облысында алма бағынан ірі көлемде қарасора плантациясы анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті.

«Алматы облысын тікұшақпен тексеру кезінде полиция қызметкерлері Түрген ауылының маңында «үнді» қарасорасының плантациясын тапты. Қарасора алма бағында 15 гектар жерде өсірілген. Жеміс ағаштарының арасында жасырылып отырғызылған есірткі өсімдігі толық суарылып, бапталған. Есірткі өнімін жасыру үшін оны өсірушілер осы тәсілді жиі қолданады. Көбіне олар жүгерінің, жеміс ағаштарының және басқа да дақылдардың плантациясында өсіріп жатады. Сондықтан қарасораны күздің аяғында, яғни ағаштар жеміс беріп, жапырақтары түсе бастаған шақта анықтау мүмкіндігі бар», – деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте өткен брифингіде.

Оның айтуынша, жер учаскесінің иесі – бұрын есірткі қылмысы үшін жауапқа тартылған жергілікті тұрғын. Одан жалпы салмағы 2,8 тонна болатын, 900-ден астам үнді қарасорасының бұтасы тәркіленді.

«Қарасораның бұл сортының ерекшелігі – ұзындығы 4 метрге дейін барады, салмағы 10 келідей болады. Мұндай марихуананың бір келісінің құны қара нарықта жарты миллион теңгеге жетеді. Сондықтан құрамында есірткі бар өсімдіктерді жинауға, өсіруге және сатуға байланысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған «Қарасора» арнайы операциясы маусым айынан қазан айының соңына дейін жалғасады», – дейді ол.