Партияның «Халықпен бірге!» өңірлік сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы міндеттерінің бірі – өңір жұртшылығының табыс көзін арттыру. Сонын аясында жыл басынан бері 54 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба іске асырылды, 562 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін 8,3 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі игерілді. 22 ауыл шаруашылығы коопертивтері құрылып, мал бордақылау алаңдары, жылыжай кешені, жиһаз, киім-кешек шығару бойынша өндірістер ашылды.
«Өңірде «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында жыл басынан бері 1 млрд 968 млн теңге болатын 286 бизнес бастама қолдау тапты. Облыстағы барлық 133 ауылдық округі қатысып жатыр. Жалпы сомасы 9,5 млрд теңге болатын 1 300-ден аса өтінім түсті. Оның 717 өтінімі бойынша сараптама жүргізілуде. Қалған 619 бизнес-жоспар мақұлданды. Алайда, бекітілген шарттарға сәйкес жобаға Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қалаларының тұрғындары қатыса алмайды», – деді Рустам Исатаев.
Сонымен қатар, облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Қуат Байғоджаев облыстағы ауыл шаруашылық техникаларының тозу көрсеткіші 58,8 пайызды құрағанын айтты.
«Өңірде 13 415 ауыл шаруашылығының техникасы бар. Оның ішінде 10 жылдан астам пайдаланған 8 мыңға жуық техника тозған. Биыл 3 млрд 851 млн теңгеге 269 техника сатып алынған. Инвестициялық салымдар негізінде сатып алынған техниканың 25% және сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының 30% мемлекет бюджетінен субсидияланады», – дейді Қуат Байғоджаев.
Партия төрағасының айтуынша, өңірлік Жол картасы аясында Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фабрикаларды салу міндеті тұр. Қазіргі уақытта өндіріс ошақтарында 450-ден аса жұмыс орны құрылды.
231
«Биыл Ұйғыр ауданында қуаттылығы 17,5 мың тонна құс етін өндіретін «Прима Құс» фабрикасы ашылды. Аясында 400 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Бұдан бөлек, ауданда келесі жылы қолданысқа берілетін жылыжайдың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш гектар жерді алып тұрған жылыжайда 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Кеген ауданында құны 1 млрд теңгеден асатын ет өңдеу комбинатының құрылыс жұмыстары жүргізілуде», – дейді Қуат Байғоджаев.
Айта кету керек, Кегенде келесі жылы бір аусымда 50 бас ірі қара және 150 бас ұсақ мал етін өңдеу комбинаты ашылса, 30 адам жұмысқа орналасатын болады. Бұдан бөлек «Great Steppe Heritage» ЖШС форель шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Компания 20 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпек. Ал Райымбек ауданында да форель шаруашылығын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, биыл ауданда сүт өңдеу, балық және омарта шаруашылығының иелері 50-ден аса азаматты жұмыспен қамтыған.