Жетісу облысыМедицина

Мамандар шетелге шыққанда түрлі аурулардан сақ болуды ескертеді

Жазғы демалыстың жақындауымен шет елдерге туристік сапарлармен барушылар саны артады. Сонымен қатар қажылыққа бару маусым айынан бастап жоспарланған. Осы тұста шетелге шыққанда инфекциялық аурулардан сақтану шаралары туралы облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Кунбасова мен Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының директоры Даулет Қазыкенов БАҚ өкілдерімеен кездесуде баяндады.

Әлемнің әртүрлі елдерінде адам денсаулығына елеулі қауіп төндіретін жұқпалы және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі бар. Қазіргі уақытта әлемде оба, тырысқақ, сібір жарасы, туляремия, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы, Ласса, Денге, Сары қызба, хантавируста, маймыл шешегі, коронавирустық инфекция, менингококк инфекциясы сияқты қауіпті аурулар тіркелуде.

«Саяхатқа шықпас бұрын, климатқа, тамақтану жағдайларына, мәдени демалыстың ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір елге шығуға денсаулығыңыздың жағдайы қаншалықты мүмкіндік беретінін қарастырған жөн. Сондықтан сапар алдында сапарды ұйымдастыратын туристік фирмада нұсқаулықтан өтіп, елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы, жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары туралы ақпарат алу қажет», — дейді департамент басшысының орынбасары.

Ауа райы ыстық елдерге баратын болсаңыз, алдын ала егілген жөн. Мәселен, тропикалық елдерге баратындарға күл ауруына, сіреспеге, полиомелитке қарсы, Африка мен Латын Америкасына барар алдында сары қызбаға қарсы міндетті түрде егілу керек. Африка  мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз В гепатитіне қарсы егілген дұрыс.  Ал, Меккеге қажылыққа баратындарға менингококқа қарсы егіліп алған жөн.

Мамандар егер саяхат кезінде немесе қайтып келгеннен кейін сізді қандай да бір дерт мазаласа дәрігерге жүгініп, тексерілу керектігін ескертеді.

Биыл елімізден  Сауд  Арабиясына 5081 адам үлкен қажылыққа барғалы отыр. Осы тұста, ниет еткен азаматтарға ҚМДБ Жетісу облысы бойынша өкілдігінің мешіттерінде өтетін жұма намазы және тағы басқа жамағат жиналатын іс-шараларда жеке қауіпсіздік, санитарлық нормаларды сақтау талабы, қажетті вакцинация алу сынды шарттары ескертілуде.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талабына сәйкес, қажылыққа баруға өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының менингокок инфекциясына қарсы екпе салдыруы міндеттелген. Бүгінде Жетісу облысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тарапынан қойылған талаптар орындалып, қажылыққа баратын азаматтар Алматы қаласындағы 3 екпе пункттерінен вакцина алғандығы жөнінде сертификат алғандығын және жалған вакцина паспортын рәсімдеу фактісінің орын алмағандығын мәлімдейміз», — дейді Даулет Серікұлы.