Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды іске қосылғанына биыл төртінші жыл. Осы уақыт ішінде ол өзінің тиімділігін дәлелдеді ма? Әлде пайдасынан зияны көп пе? Бүгін осы және өзге де сұрақтар төңірегінде сұхбат болмақ. Осы ретте редакциямыздың қонағы МӘМС КЕАҚ Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ләззат Әсетқызы.
-Қайырлы күн, Ләззат Әсетқызы. МӘМС жүйесі енгізілгелі бері көп уақыт өтті, бірақ ол әлі күнге дейін халықтың көңілінен шықпай келеді. Себеп неде? Халық нені түсінбей жатыр?
-МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады. Қазіргі уақытта медициналық қызмет екі пакет бойынша көрсетіледі: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде. Бұл бағыттағы жұмыстарды дамытып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру шаралары жалғаса береді. МӘМС – жаңа жүйе. Оның енгізілгеніне көп уақыт болған жоқ. Әлі де жаңашылдықтар болады. Мұның барлығы – халық үшін. Жүйенің ең басындағы миссиясы — медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы елдің әрбір азаматын күтпеген жерден жоғары шығыстардан қаржылық қорғауды қамтамасыз ету болатын. Қазірде біз бұл мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Өйткені, Алматы облысында 9 млн, 11 млн теңге тұратын оталарды МӘМС есебінен алып, ота жасатқан талай тұрғынды көрдік. Олардың ризашылықтарына куәміз. Сондықтан бұл жүйені халыққа пайдасы жоқ деп айту негізсіз.
-Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазірде халықтың 97%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары болып табылады екен. Бізге Алматы облысы бойынша көрсеткіш қалай? Тұрғындардың неше пайызы сақтандырылған мәртебесіне ие?
-Бүгінде Алматы облысында сақтандырылған халық саны 1 200 мыңнан асады. Олардың 70 пайызына жуығы жеңілдік санатына жатады. Бұл азаматтар үшін мемлекет жарна төлеп келеді. Бұл қатарда балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де бар. Ал, сақтандырылмаған адамдар саны шамамен 350 мың. Күн санап МӘМС-тің тиімділігін көріп, сақтандыру мәртебесін алып жатқан азаматтар қатары толығып келеді.
-Бізге халықтан келген сұрақтардың көпшілігі: Аударымдар мен жарнаны қалай төлейміз? Жалпы ауыз екі тілде қарапайым түсіндіріп берсе деп жатыр?
-Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ, жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болу үшін соңғы 12 ай немесе болашақ 12 айдың төлемдері болу керек. Дербес төлеушілер үшін 2024 жылы 1 қаңтарынан бастап ағымдағы ай үшін — 4 250 теңгені құрайды. Әр азамат өзінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін банктердің мобильді қосымшасы арқылы, Электрондық үкімет порталында, fms.kz Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.Төлемді Екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Kaspi.kz, HalykBank мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету Касса 24 және Qiwi әмиян терминалдары арқылы. 15 жеңілдік санатындағы азаматтар, яғни балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар т.б. олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан тұрғындар үшін үлкен қолдау.
-МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды төлеу қажет болатын табыстың ең жоғары мөлшерін бес есе ұлғайту ұсынылды. Бұл нені білдіреді? Қарапайым қазақстандықтар үшін мұның қандай пайдасы бар?
-МӘМС енгізудің бастапқы кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдар жүргізілуі мүмкін қызметкердің табысы бойынша жоғарғы шек көзделген. Оның мөлшері бүгінгі күні 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспайды. Яғни, жарналар тек 850 мың теңгеге дейінгі табыстан алынуы мүмкін. Жоғарыдағы кірістен жарналар жасалмайды. Әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап жоғарғы шекті ЕТЖ мөлшерінен 10-нан 50 есеге дейін арттыруды ұсынды. Бүгінгі таңда МӘМС-тің қазақстандық моделінде қаражатты регрессивті бөлу қолданылады. Яғни, табыс неғұрлым аз болса, кірістің пайыздық үлесі соғұрлым жоғары. Әділ жүйеде табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдардан артық төлемеуі керек. Сондықтан ұсынылып отырған норма – жоғарғы шекті 50 ЕТЖ дейін ұлғайту – денсаулық шығыстары үшін жауапкершілікті неғұрлым әділ бөлуді көздейді. Табысы 4 млн 250 мың теңгеден асатын тек 2,3 мың қызметкер үшін ғана МӘМС-ке жарналар бес есе артады. Бұл елдегі барлық жалдамалы жұмысшылардың 0,04% құрайды. Жалпы, бұл норма 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9%-ына әсер етеді. Жұмысшылардың 91%-ы үшін ештеңе өзгермейді. Аударымдарды ұлғайту денсаулық сақтау шығыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұған алдын алу, диагностика және емдеу кіреді. Медициналық қызметтер қол жетімді болады, технологияларды енгізу аурудың ерте кезеңдерінде алдын алуға немесе өмірді сақтауға мүмкіндік береді.
-Тұрғындар «Аударған ақша жеке шотқа жиналып, өзіме ғана жұмсалса» дейді. Сіздің ойыңыз?
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Мысалда қарастырайық. Бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен 1 адам 100 мыңнан аса теңге жинайды деп ойлайық (мысал). Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады. Яғни бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін. Бұл жерде МӘМС-тің жинауқтаушы қор емес екенін тағы еске саламын. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді.
-Ауылдағы ағайынның ахуалы қалай? Олар медициналық қызметтерден қағылып жатқан жоқ па?
-Мұнда ауыл, қала тұрғындары деп бөлінбейді. Барлық тұрғынға бірдей медициналық көмек көрсетіледі. Ауылды жерде жоқ қызмет, жолдама арқылы басқа емханадан көрсетіледі. Десе де, атап өткім келеді. Қазірде аудан орталықтарында орналасқан ауруханалар бұрын соңды өзге Алматы, Астана сынды ірі қалалар, тіптен шетелде жасалатын оталар біздің ауылдық жерде орналасқан орталық ауруханаларда қолжетімді. Бұл біз үшін үлкен жетістік.
-Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі ақшаны қайтаруға бола ма? Қандай жағдайда ондай мүмкіндік туындайды?
-Міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін басқа кезеңдерге қайта бөлу мүмкін емес, бірақ егер адам басқа ЖСН-ға жарна төлесе, күні қате көрсетілсе немесе қате деректер көрсетілсе ,оларды қайтаруға болады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на өтініш жазып, төлемді растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Мемлекеттік корпорацияның мекенжайларын сайтында табуға болады. Өтінішті қарау 15 жұмыс күнінен аспайды. Мемлекеттік корпорация келесі себептер бойынша ақшаны қайтарудан бас тартуы мүмкін: Өтініште дұрыс емес банктік деректемелер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 30 маусымдағы No 478 бұйрығына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазылмаған. Өтініште қайтарудың дұрыс емес себебі көрсетілген.Өтінішке құжаттардың толық емес пакеті қоса беріледі. Ақшаны қайтаруға негіз болмаса Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен растау болмаса (қайтару тоқтатылған немесе тоқтатылған дара кәсіпкерге берілсе, ал ақпарат ақпараттық жүйеден жеке кәсіпкердің жарамдылығы туралы мәліметтер келіп түссе). Қайтаруды Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетел азаматы (немесе шетелдіктің отбасы мүшесі) береді. Егер шолу оң болса, ақша төленгендей қайтарылады. Мысалы, егер төлем мобильді ұсыныс арқылы жасалса, онда ақша картаға қайтарылады.
-Халық емханаға барғанда талонмен күту, база істемей қалу секілді мәселелер көп туындайтындықтан, жеке емханаларға баратынын айтады. Тұрғындардың денін “Жеке клиникада МӘМС бойынша тексерілуден өтуге бола ма?” – деген сауал мазалайды. Бұған не дейсіз?
-Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда Қормен шартқа отырған жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болады. Ол үшін өз емханаңыздан жолдама қажет. Медициналық қызмет көрсетушілердің тізімімен Қор сайтына кіріп, «МӘМС-гид», ары қарай «Пациенттер үшін», содан кейін «Клиниканы таңдау» батырмасын басу арқылы танысуға болады. Жалпы, Медициналық сақтандыру қорымен 2024 жылы медициналық қызмет көрсету үшін Алматы облысы бойынша 73 қызмет жеткізуші медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды. Олардың 49-і – жекеменшік, 24-і – мемлекеттік мекеме.
-Ләззат ханым, редакциямызға келіп, тұрғындар тарапынан, одан бөлек журналистердің де мазалаған сұрағына жауап бергеніңізге алғысымды білдіремін.
-Рахмет, әрдайым БАҚ өкілдері үшін ашықпыз.
Сұхбатты жүргізген: Арайлым Мырзабек