News

Қарасайлық дәрігерлер ауыр диагнозбен түскен науқасты құтқарды

Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 1953 жылғы әйел ауыр хәлде түскен. Дәрігерлер қажетті сараптамадан кейін 70 жастағы науқасқа В вирусты гепатиті дамып, бауыр циррозына әкелгенін анықтаған. Портальды гипертензия синдромы қойылған. Яғни, 3 дәрежелі өңештің варикозды кеңеюі тіркелген. Ауру қан кетумен асқынған.

«1953 жылғы науқасқа ем МӘМС есебінен тегін тағайындалды. Науқаста орташа дәрежедегі постгеморрагиялық анемия екенін білдік. Бұл –  жылдам және массивті қан жоғалтудан туындаған анемия. Бейнеэзофагогастродуоденоскопия кезінде өңештің веналарынан қан кету жалғасты. Осыдан кейін азаматқа шұғыл түрде қан кету биіктігінде өңешті байлау жүргізілді. Нәтижесінде ешқандай асқынусыз қан тоқтады», — деді отаны жасаған дәрігер-хирург Данияр Рустамұлы.

Дәрігер отаның сәтті өткенін айтады. Нәтижесінде зейнеткер 6 күннен кейін аурухана қабырғасынан шығарылып, үйіне қайтарылған. Оның өлім аузынан аман алып қалған ақ халатты абзал жандарға алғысы зор. Айта кетерлігі, науқасқа ем-шара міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізілді. Жалпы, Қарасай аудандық ауруханасының материалдық техникалық базасы заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған және мұнда күрделі оталарды өткізуге барлық жағдай жасалған.