ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Жанарбек Әшімжанов, Мақсат Толықбай, Максим Рожин AMANAT партиясының Қарасай аудандық филиалында қоғамдық қабылдау жүргізді.
Қаскелең тұрғындары соңғы уақытта көшеде еркін жүріп-тұрудан қалған. Халық қалаулыларының алдына көмек сұрай келген зейнеткер Сапар Иманғалиевтің айтуынша, көшеде адамнан гөрі қаңғыған ит көп.
«Көшенің бойы тола қаңғыған иттер. Кішкентай балаларға зияны тиіп кете ме деп қорқамын. Базар маңында 15-тен аса итті санап шықтым. Оларға бір шара қолданса екен деймін. Жоғары жаққа жеткізіп, осы мәселе шешімін тапса», – дейді зейнеткер.
Мәжілісмендердің айтуынша, еліміздің аймақтарынан бұралқы иттер туралы шағым үнемі түсіп тұрады. Қазіргі уақытта мәселе республика көлемінде көтеріліп, мәжілісте қаралуда.
Ал Іргелі ауылдық округінің тұрғыны Нұржан Жұмағали Кемертоған ауылының өзекті мәселелерін атап өтті.
«Ауылда жол сапасы сын көтермейді. Небәрі 4,7 шақырым жолдың ой-шұңқыры көп. Жел сәлкүш алса, жарық өшіп қалатын «дәстүр» пайда болды. Онымен қоса электр энергиясының бағасы бір киловатт үшін 35 теңгеге дейін жетеді. Бұл өте қымбат. Ал 5 мыңнан аса бала оқитын ауыл мектебінің толып кету мәселесі тағы да толғандырады», – дейді тұрғын.
Мәжіліс депутаттары жағдаймен жіті танысып, аталған мәселелердің оң шешілуіне күш салатындарын жеткізді.
Айта кету керек, өткен жылы Қарасай ауданында 6 мектеп ашылды. Ал Кемертоған ауылында үшауысымды мектептің мәселесін шешу үшін 2027 жылға дейін партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 1500 орындықты 2 мектеп салу жоспарланып отыр.