News

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында МРТ қолданысқа берілді

Бүгін Қонаев қаласы және Алматы облысы тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуы үшін Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында МРТ (магниттік-резонанстық томография) қолданысқа берілді. Енді науқастар МӘМС жүйесі аясында сақтандырылған мәртебесі болса, МРТ тегін түсе алады.

МРТ аурухана ғимаратынан бөлек орналасқан. Нысанның ашылу салтанатына облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева, қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысты.

«Алдымен баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін қала жұртшылығы үшін қуанышты күн. Себебі, бұған дейін науқастар МРТ-ға түсу үшін Алматы қаласына барса, енді бұл қызметтің түрі қолжетімді болды. Шаһарға қарасты ауыл тұрғындары да нақты диагнозын алу мақсатында алысқа бармайтын мүмкіндік алды», – деді өз сөзінде Сәуле Қайырлықызы.

Лейла Серікбаеваның айтуынша, Алматы облысында 3 МРТ қолданысқа берілген. Өңірде 1,5 млн-нан астам халық тұрады екен.

«Облыс екіге бөлінгелі денсаулық сақтау саласына ден қойылып, «Дені сау ұлт» жобасы аясында 3 МРТ сатып алынды. Оның бірі Қонаев қаласында, екіншісі Еңбекшіқазақ ауданында, үшіншісі Қарасай ауданында орналасқан. МРТ – ауруларды ерте уақыттан анықтауға арналған заманауи талаптарға сай келетін жабдық», – деді ол.

Аталған құрылғымен жұмыс жасау үшін медицина қызметкерлері арнайы біліктілік курстарынан өткен. Кабинет халыққа тәулік бойы қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.