News

Қонаев қаласына жаңа театр келе жатыр

Абадан. Арлан. Аққұртқа һәм Арыстан. 6 мамыр күні Қонаев қаласында ASSYLTAS театрының «Арена» атты спектаклі сахналанады.

Басты рөлдерде Дулыға Ақмолда, Алмас Шаяхметов, Жанаргүл Жаныаманова, Салтанат Бақаева, Жандарбек Садырбаев сынды танымал актерлар ойнайды.

«Арена» драмасының авторы Бақыт Беделханның айтуынша, спектакль – тартысқа толы тағдырлардың, қайшыласқан тірлік пен арпалысқан өмірдің шырмалып жатқан алаңы. Қойылым арқылы шырмалып жатқан шындықтың шынайы келбетін көруге болады.

– Бұл өте қысқа мерзімде, яғни, 15 күнде жазылып сахна төріне аттанған шығармашылық дүние. Драма жайлы талдап айтудың қажеті шамалы, көрермен көріп, көкейге түйіп өзіне керегін алар. Жалпы жұрттың жылы қабылдағанын осыған дейінгі қойылымдар барысында да көрдік. Өнер алды – қызыл тіл. Жаратылыс саздан, сөзден басталса, тіршілік қыздан басталады. Тау айныса құм болар, жер айныса су болар, су айныса бу болар, тіршіліктің тірегі қызы айныса не болар?! Өлең сөздің патшасы сөз айныса не болар?! Сол сөзбен сазды айнытпай сахнада сары алтындай қылып көрсету әр азаматтың парызы деп ойлаймын» ,- дейді ақын, туынды авторы Бақыт Беделхан.