№951 сайлау учаскесінің төрайымы Айгүл Ақтанованың сөзінше, мұнда ешқандай заңбұзушылықтар орын алмады. Ең бірінші болып дауыс бергендерге сый-сияпаттар табыс етілді. Ал алғаш рет сайлауға қатысатындардың саны — 14. Солардың бірі — Арманжан Орынтай.
«Жақында ғана 18-ге келіп, бүгін сайлауға бірінші рет қатыстым. Әр саяси науқан — елдің ертеңін шешеді. Сондықтан халық мұндай шаралардан қалмауы тиіс деп санаймын. Бүгін сайланған депутат жұрттың мәселесін шешуде көп еңбек сіңіреді деп сенемін», — деді ол.
Сондай-ақ қала тұрғыны Сәуле Сарсабекова да өз пікірін білдірді.
«Осы уақытқа дейін Президент сайлауына да, мәслихат пен мәжіліс депутаттарын сайлауға да қатыстым. Ел таңдау жасаған жерде болашақтағы мақсат-мүдделер айқындалып, келешекке сенімділік артады. Өзім ғана емес, отбасыма да сайлаудың мән-маңызын түсіндіріп отырамын. Жұмылған жұдырықтай әрекет етсек қана талай түйін тарқатылады. Бүгін сайланған депутат өз ісіне берік азамат болады деп үміттенемін», — деді тұрғын.
Айта кетейік, депутаттыққа үміткер ретінде 3 азамат тіркелген. Олар:
- Нуркадыров Серик Нуркадырович – 1975 жылы туған, Алматы облысы мәслихатының аппарат басшысы. Қонаев қаласының тұрғыны, ұлты – қазақ, «АMANAT» партиясы ұсынды.
- Чимчиков Быржан Курманжанович – 1967 жылы туған, «Қапшағай АТО» ЖШС директоры, ұлты – қазақ, кандидат өзін-өзі ұсынды.
- Каплюков Игорь Николаевич – 1966 жылы туған, өзін-өзі жұмыспен қамтушы, Қонаев қаласының тұрғыны, ұлты – орыс, өзін-өзі ұсынды.