Православиелік қауым үшін «Крещение Господне» мерекесі қазақтың «Қадыр түні» іспеттес. Наным-сенімдерге сүйенсек, жер бетіндегі суға қасиет дарып, түрлі сырқат атауынан сауықтыратын бұл мейрам қаңтардың 18-нен 19-на бет бұрған түнінен басталмақ. Өңір тұрғындары аурудан аулақ боламын деп ағынға арандап қалмас үшін Журналистер үйіне Талдықорған қаласы Иоанн Богослов үлкен шіркеуінің діни қызметкері Александр Матлашов, Жетісу облысы дін істері басқармасының бөлім бастығы Динара Молдабаева және облыстық Төтенше жағдайлар департаменінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Данияр Тлеуханов келді.
«Түннің ызғарында суық суға жүкті әйелдер мен кішкентай жасөспірімдердің ағыл-тегіл келетінін байқап жатамыз. Дәстүрді дәріптеген дұрыс әрине, деседе сақтық шараларын да ұмытпаған жөн. Аталған мереке біз үшін парыз емес, тек наным-сенім ретінде қабылдауымыз керек», — дейді Александр Матлашов.
Спикеріміз Динара Молдабаева Жетісу облысының аумағында арнайы белгіленген, суға түсуге рұқсат етілген мекен-жайлар тізбегін тілге тиек етті:
«Өңір аумағында Крещение Господне мерекесін тойлауға арналған 7 орын анықталды. Олар:
1. Талдықорған қаласы: Қаратал өзені, «Қызыл тас» қ/б ауданы (Темір
көпір).
2. Текелі қаласы: «Шажа» өзені «Шапағат» ғимаратынан өзен бойымен 500 метр жоғары.
3. Алакөл ауданы: Үшарал қаласы Тентек өзен, Жамбыл көшесі, 110; Ақши ауылы Алакөл көлінің жағалауы.
4. Ескелді ауданы: Қарабұлақ ауылы, Оразбеков көшесі №3, арнаулы
«Свято-Абалацкий приход Астанинской и Алматинской Епархии».
5. Сарқан ауданы: Сарқан қаласы, Сарқан өзені Тайманов көшесінің «ГЭС» жанында; Лепсі ауылы, Қабанбай батыр көшесіндегі Лепсі өзені.
6. Панфилов ауданы: Жаркент қаласы, Ш. Уәлиханов көшесі, 109 үй, арнайы ғибадатхана «Приход храма Пророка Илии» шіркеуі.
7. Қаратал ауданы: «Қаратал» өзені, Жаңаталап тас жолымен, көпірдің жанында», — дейді дін істері басқармасының бөлім бастығы.
Шомылушылардың қауіпсіздігін Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен қызметкерлері қамтамасыз ететін болады. Арнайы белгіленген орындарда сүңгуір мамандар қызмет етсе, межеден тыс жерде рейд жұмыстары жүргізіледі. Данияр Тлеухановтың айтуы бойынша 7 орыннан басқа аймақтарда суға түскен тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 АЕК айыппұл төлейді.
Жарақтардан және үсуден аман болу үшін, дайындалмаған және жабдықталмаған орындарда суға түсуден тартынуға құтқарушылар табанды түрде кеңес береді. Себебі тек ғана білікті мамандар уақытылы алғашқы медициналық көмекті көрсете алады.