ЖаңалықтарЖетісу облысы

Жетісу облысында мал ұрлығының алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар жұмыстары жүргізілуде

Жетісу облысында жыл басынан мал ұрлаудың 80 фактісі тіркелді. Оның ішінде полиция қызметкерлерімен 46 қылмыс ашылып, ұрлыққа қатысы бар 25 күдікті тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз-мәслихатында облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мади Бағдат баяндады.

21 қылмыспен жәбірленушіге ұрланған малдары қайтарылып, күдіктімен татуласуына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. 12 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Жедел іздестіру іс-шаралар нәтижесінде ұрланған 259 бас малдың 153-і табылып, мал иелеріне қайтарылды.

Атап өтейік, бүгінде 2023-2024 жылдарға арналған мал ұрлығының алдын алу тиімділігін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

Спикер өз сөзінде малдың барлық түрлерін міндетті түрде чиптеу мәселесін де атап өтті. Чиппен белгілеу мал басын 100% есепке алуға, олардың жай-күйін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, жылқыға арналған спутниктік GPS трекер бақылау жүйесін орнатып малдарын сақтап қалуға мүмкіндік беретіні жайлы халық арасында түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуде.