1 маусымнан бастап елімізде шомылу маусымы басталады. Осы тұста Жетісу облысының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жетісу облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бағдат Тыныбек судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді дайындық және алдын алу жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.
«Профилактикалық іс-шараларды өткізу үшін үгіт-тарату материалдарының 15 мың данасы дайындалды. Қосымша жергілікті бюджеттен 36 мың дана сатып алуға 1 млн. 305 мың теңге бөлінді. Демалыс базалары мен балалар лагерлері орналасқан су айдындары учаскесінің түбін сүңгуірлік тексерудің тиісті актілерін толтыра отырып, тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілуде», — деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, шомылу маусымында Департаменттің құтқару бөлімшелерінің қосымша 3 мобильді бекетімен кезекшілік ұйымдастырылады, коммуналдық жағажайларда жергілікті атқарушы органдардан 1 құтқару бекеті, 4 қоғамдық қауіпсіздік бекеті және 4 медициналық пункт құрылады.
Бұл шаралар Жетісу облысының су айдындарында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шомылу маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға бағытталған.