Жетісу облысының Панфилов ауданы жүгері дақылының өлкесі, облыстағы жүгерінің шамамен 74% осы аймаққа тиесілі, мұнда 2 мыңнан астам фермер жүгері өсірумен айналысады. Биыл ауданда 170 мың тонна жүгері жинау жоспарланған. «Жаркент крахмал-сірне» зауыты былтыр 80 мың тонна жүгері қабылдаса, биыл 100 мың тонна қабылдауды межелеп отыр. Бүгінгі күнге зауыт 40 мың тонна қабылдаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Панфилов ауданында себілген 23,4 гектар жүгерінің 62%, яғни 20,1 мың гектары жиналып, 144 мың тонна өнім алынды.
Жалпы облыстағы өсірілген жүгеріні 4 кәсіпорын — «Жаркент крахмал-сірне» зауыты, «АзияАгроФуд» зауыты, «Уыз Май Индастри» және «Астық Халық Экспо» серіктестіктері қабылдайды.