1967 жылы құрылған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасы «Сарқан» шекара бөліміне қарасты «Басқан» шекара бөлімшесі тәуелсіз күн тұғыры мен ел қауіпсіздігін қалт жібермей күзетуде. Өз отбасынан тыс жерде отанының тыныштығын ойлаған сақшылардың бір күндік өмірін Жетісу журналистері көзбен көріп, ішпен біліп қайтты.
Аталған әскерилер бөлімі Екіаша ауылдық округіне қарасты Тополевка ауылына 8 шақырым жерде орналасқан. Шаңырағымыздың шығысына шағылысқан Қытай мемлекетімен тұспа-тұс 35 шақырым жерді күзетеді. Мұндағы әр азамат жұмысына жауапкершілікпен, аса қырағылықпен қарайды. Себебі беліне елінің амандығын арқалаған.
Учаскеде ат бегінен бастап арнайы шекарашы иттерді үйрететін кинолог мамандарға дейін қызмет етеді. Жетінші ата заманынан арғы дәуірден-ақ жеті қазынамызға енген бұл жануарларды 6 ай бойы баптап, даярлайды екен. Сақшы көмекшілері сақадай сай болған кезінен бастап 8 жыл шекара шебінде қызмет етеді.
Шекара аймағының халқы да отан қорғаушыларға білек түре болысатын көрінеді. Тұрғындар арасынан 10 адамнан құралған еріктілер жасағы да бар. Олар өтуге болмайтын аймақтан күдікті адам көрінсе бөлімше бастығына соғып дереу хабар береді. Осы өңірде дүние есігін ашқан жас өспірімдердің арасынан да шекарашыларға қарап әскери мамандықты таңдағандар аз емес. Тіпті Тополевка ауылының Теректі орта мектеп КММ — нің оқушыларының «Шекарашының жас достары» атты ұйымы бар. Үйірме қатысушылары бөлімшеге келіп бой түзеп, патриоттық сезімін күшейтіп қайтады.